2014-06-12

ЕҰУ-дің танымал ғалымдары шалғайдағы ауылдарды аралап қайтты

ЕҰУ-дің танымал ғалымдары шалғайдағы ауылдарды аралап қайтты
Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ ректоры Ерлан Сыдықов бастаған ғалымдар және студенттер Ақмола облысының Зеренді ауданында болып,ауыл тұрғындарымен кездесулер өткізді.Онда белгілі академиктер мен докторлар елдегі саяси-экономикалық жағдайға байланысты,ғылым-білім саласындағы жаңалықтар туралы жұртшылықпен кең пікір бөлісті. Әсіресе, жақында ғана құрылған Еуразиялық Экономикалық Одақтың болашағы туралы сұраған ауыл азаматтарына жан-жақты сараптамалық жауаптар берілді.Көп жылдар бойы осы Одақ жобасына қатысты тыңғылықты зерттеу жүргізіп жүрген университет ғалымдары жаңа ұйымның негізгі ерекшеліктеріне,жаңа мүмкіндіктеріне талдау жасады.

Университет ғалымдары Зеренді ауданына қарасты Березняковка ауылына да ат басын бұрып,ондағы орта мектептің оқушылары мен ұстаздар қауымымен жүздесті. Осы мектеп директорының көмек сұраған хатына ЕҰУ ректоры Ерлан Сыдықов назар аударып, елтаңба авторы Жандарбек Мәлібеков, белгілі ғалымдар Шәкір Ыбраев, Нәубет Қалиев, Дихан Қамзабекұлы, Тұрсынхан Зәкенұлы, Тілеген Садықов, Зиябек Қабылдиновтар бастаған зиялы топты арнайы өзімен бірге ерте келіп,оқушылар мен ұстаздардың мерейін өсірді.

Белгілі тұлғалар ауыл тұрғындары мен өскелең ұрпаққа арнап ізгі ниеттерін жеткізді, оқу орынының оқытушылары, талантты ақындар Қалқаман Сарин мен Серікзат Дүйсенғазы арнау жырдан шашу шашты. Бұл кездесуге осы өңірден сайланған сенат депутаты Жабал Ерғалиев,мәжіліс депутаты Алдан Смайыл да қатысып,университеттің ізгі қадамына оң бағаларын берді. Саясаткерлер мұндай шалғайдағы ауылдармен қарым қатынас өрбіту үрдісі басқа еліміздегі ЖОО – на үлгі болуы керектігін баса айтты. ЕҰУ ректоры мектепке интерактивті тақта,видео,фото камералар,мыңдаған кітаптарды сыйлық ретінде ұсынды.Ауыл өрендері ғалым ағаларына деген шексіз ризашылықтарын өнерлерімен жеткізді.Бірі ән салып,бірі би билеп,бірі өлеңдер оқып таудай талаптарын байқатты. Тұрғындар осыншама танымал тұлғалардың бір сәтте сау етіп ауылдарына келгеніне қуанып,мұндай сапарлар жиі болса,балаларымыздың рухы көтеріліп,білімге деген құштарлықтары арта түсетіні сөзсіз десті.

Ғалымдар кездесу барысында «Березняковка» ауылының атын «Ақ қайың»деп өзгерту жөнінде ұсыныс жасады.Бұл бастамаға барлық ауыл азаматтары мен Зеренді ауданының әкімі де қолдау көрсетті.

ENU.KZ сайты