2014-05-14

Өнер адамдары арасында футболдан турнир өтті

Өнер адамдары арасында футболдан турнир өтті
Республикалық «Қасым» әдеби-қоғамдық журналы редакциясының ұйымдастыруымен астаналық және қарағандылық өнер адамдары арасында футболдан тұңғыш рет «Қасым кубогы» атты турнир өтті.

Турнирге елордалық айтыскерлерден құралған «Астана», әншілер мен ақындардан жасақталған «Жас тұлпар» командалары, қарағандыдан «Арқа» айтыскерлер командасы, «Рух» ақындар командасы, «Тұран» әншілер командасы қатысты. Сайыс басталмас бұрын өнерпаздар Көкпекті оқиғасы құрбандарын еске алып, бір минут үнсіздік жариялады. Қарағандылықтар арасында жағымды шаралардың ұйытқысы болып жүрген облыстық Жастар саясаты жөніндегі басқармасынң басшысы Мирас Құттыбай:

“Турнирді өткізіп отырған “Қасым” журналы жастарға рухани тәрбие беруді мақсат тұтқан. Сәттілік тілеймін”,-деді.

Жарысты ұйымдастырушы «Қасым» журналының бас редакторы Серік Сағынтай: «Жалпы бұл «Қасым кубогы» салауатты өмір салтын қолдау мақсатында ұйымдастырылды. Ойынға саяси-қоғамдық мән беріп, Көкпектідегі апатты еске алдық. Қаржы жинап аударударуға ниет етіп отырмыз. Жылына екі-үш рет әр қалада өтіп тұратын болады. Достық кездесу»,-деді.

Тартысты ойынның алғашқы төртінші минутында астаналықтар есеп ашты. Дегенмен, қарағандылықтар да есе жіберген жоқ. Сахнаны бағындырып жүрген айтыскерлер топтасқан «Астана» командасының шашасына шаң жұқпады. Нәтижесінде «Астана» командасы «Қасым кубогын» олжалады. Екінші орынды «Арқа» командасы иеленіп, үшінші орынға елордалық «Жас тұлпар» көтерілді.

Айтыскерлер командасын бастап келген Серікзат Дүйсенғазин: «Астанадан екі команда келді. Сақа ақындардан, елге танымал, белгілі ақындардан құралған «Астана», ал «Жас тұлпарға» жас әншілер мен жас ақындар топтасты. Астанаға мерейіміз тасып қайтып барамыз. Шараның мақсаты ақын бауырлармен, достармен араласу. Спорт адамды жақындастырады. Олимпиадалардың өзі елмен елді жақындастырады. Келешекте іргесі кеңейіп республикалық деңгейге көтеріледі деп ойлаймыз»,-деді.

Ләззат Қожахметова
Қарағанды
Munara.kz