2014-05-14

Талдықорғанда татулықты ту еткен айтыс басталды

Талдықорғанда татулықты ту еткен айтыс басталды
«Нұр Отан» партиясының он бес жылдығына орай Талдықорған төрінде ұйымдастырылған «Бір халық – бір ел – бір тағдыр» атты республикалық айтысқа алыс-жақыннан ат терлетіп келген айтыскерлерді дүбірлі дода алдында облыс әкімінің орынбасары Серік Мұқанов қабылдап, «Нұр Отан» партиясының он бес жылдығымен құттықтады.

Жарысқа түсер сәтті күтіп тұлпардай тықыршыған жыр жампоздарының өнерін тамашалауға Елордадан арнайы келген ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты Оразгүл Асанғазы қазақтың төл өнері, сыл қазынасы айтыс туралы тебірене сөйлеп, өрелі ойларын өрбітті. Халық қалаулысы ақындардың айтысына өзек болатын тақырыптың толып жатқанын, соған сай еліміздегі жетекші партия ұйымдастырып отырған айтыс жалған мақтау мен даңғаза ұранға толып кетпеуі тиістігіне де тоқталды.

– Мен осыған дейін «Нұр Отан» партиясы ұйымдастырған екі айтысқа қатыстым. Алған әсерім ерекше болды. Рухым көтеріліп қайтты. Алайда қазір ел ішінде айтыс тек мақтауға толып кетті деген әңгіме көп. Айтыста тек сын ғана емес, сыннан шығудың жолдары да жырлануы керек. Мен осыны баса айтқым келеді. Қазақтың саны өткен ғасырда тым азайып, тарих сахнасынан жоғалуға шақ қалды. Өз жерімізде 38 пайызды ғана құраған кез болды. Қазір ұлтымыздың саны өсті, тіліміз өркендеді, дінімізбен қауыштық. Тарихымызды тани бастадық. Өшкеніміз жанды. Айтыс тырнақ астынан кір іздеп, жеке басқа шабуылдаудан гөрі халықтың рухын оятатын отты жырларға толы болу керек, – деді ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты Оразгүл Асанғазы.

Қабылдауға жиналғандар да халық қалаулысы айтқан ой төңірегінде сөз қозғады. Алматы облысы әкімнің кеңесшісі Ахмет Кендірбекұлы, белгілі ақындар Серікзат Дүйсенғазы мен Мұхаметжан Тазабек сөз алып, айтыскерлерге сәттілік тіледі. Түс ауа І. Жансүгіров атындағы Мәдениет сарайында айтыс басталды. Оның қорытындысы туралы ертең жазатын боламыз.

Талдықорғандағы аламан айтыста Астана қаласынан Серікзат Дүйсенғазы, Айнұр Тұрсынбаева мен Сырым Әуезхан, Шығыс Қазақстаннан Рүстем Қайыртайұлы, Қызылордадан Бекарыс Нұриманов, Қарағандыдан Дидар Қамиев, Атыраудан Сағадат Нұрманов өзара сөз сайыстырады. Сонымен бірге Қытай елінен қандасымыз Арзыгүл Қайыңбекқызы мен жетісулық жүйріктер Балғынбек Имашев пен Жандарбек Бұлғақов та айтысқа түспек.

Айтыстың ашылу салтанатында Алматы облысы әкімінің орынбасары Серік Мұқанов құттықтау сөз сөйледі. Ақындар додасы жыр алыбы Жамбылдың толғауымен басталып, Сүйінбай атындағы облыстық филармонияның жыр шашуымен әрленді.

Болат Абаған
Алматы облысы
Munara.kz сайты