2014-05-12

Өң берген өміріме өлең досым, мен саған өле-өлгенше қарыздармын

Өң берген өміріме өлең досым, мен саған өле-өлгенше қарыздармын
Астанада белгілі айтыскер ақын Серікзат Дүйсенғазының шығармашылық кеші болып өтті

“Жақсы сөз жан сүйіндірер, жаман сөз жан күйіндірер”, – деп кезінде атамыз қазақ бекер айтпаса керекті. Айтылған сөз атылған оқпен тең. Ал осы сөздің қадірін біліп, сөз өнерін жетілдіруге атсалысқандар кімдер? Олар әрине, жазба ақындар, жазушылар және суырыпсалма айтыскер ақындар. Кезінде талай бәйгелерден озып, топ жарған, сөз қасиетін ұғындыра білген дүлдүл айтыскерлердің сөзі күні бүгінге дейін қастерленіп келеді.

Қазіргі уақытта да ата-бабамыздың осынау қасиетті өнерін жалғастырып, бірнеше мәрте айтыс бәйгесінде оза шапқан таланттарымыз баршылық. Солардың бірі танымал суырыпсалма ақын, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті қазақ әдебиеті кафедрасының доценті, филология ғылымдарының кандидаты, зерттеуші Серікзат Мақсұтұлы Дүйсенғазы. Үстіміздегі жылдың наурыз айының 22-жұлдызында айтыскер ағамыздың «Перзент тілегі» атты шығармашылық кеші өтті. Ұлыстың ұлы күнімен тұспа-тұс келген бұл кеш көрермен қауымды елең еткізді. Шығармашылық шараның жарнамалары іліне басталысымен-ақ, қалың көпшілік «Қазақстан» орталық концерт залының кассаларына асықты. Билеттің барлығы сатылып, әне-міне дегенше шығармашылық кештің өзі де басталып кетті.

Аталмыш кеш ұлық мерекенің күніне сәйкес келгендіктен, сахнаға бір топ ұлттық киім киген өнерпаздар шығып, төл мерекеміздің қадір-қасиетін ұғындырып, жиналған жұртшылықты құттықтады, Серікзат Мақсұтұлының бітім-болмысын, шығармашылық қабілетін айғақтап, мақтап-мадақтап, артынша арқалы ақынға сөз тізгінін ұстатумен кештің шымылдығы түрілді. Дүйім жұртпен есендесіп, танысып, төл мерекемен құттықтаған Серікзат Мақсұтұлы “Айналайын, тақсыр өлең, мен сені жанымнан да жақсы көрем” деп өлеңмен ой өрбітті. Жыр жолдары аяқталысымен осы кештің тууына түрткі болған, дарын иесінің шығармашылық болмысын кеңейткен азаматтардың аты аталып, алғыс білдірілді. Олардың қатарында Мырзатай Жолдасбеков, Фариза Оңғарсынова, Серікзат Мақсұтұлының ұстазы, академик Рымғали Нұрғалиұлының, өнердің шыңынан көрініп жүрген марғасқалардың аттары аталды. Алғыстан соң да дарын иесі тағы да жыр маржандарынан шашу шашты.


Дүкен МӘСІМХАНҰЛЫ, ҚР еңбек сіңірген қайраткері:

– Серікзат бүкіл қазаққа белгілі сан қырлы талант иесі.Сол сан қырлы өнерінің бүгін бір жинақталған есеп беру кеші болды.Ең бастысы, Серікзатты дүйім қазақ елі айтыс ақыны ретінде жақсы біледі. Сонымен қатар оның бүгін жаңа қыры ашылды. Ол – Серікзаттың композитор-лығы. Бұған дейін айтыс ақыны болғанымен көркем поэзияда өзінің үнін, өзінің бағытын қалыптастырып келе жатқан жазба ақыны ретінде белгілі болатын. Жалпы концерт әз наурызбен орайлас келіп, Елорда жұртына үлкен бір мерекелік көңіл-күй сыйлады деп ойлаймын. Концерт бай мазмұндылығымен, қызықтылы-ғымен ерекшеленді.

Кештің тізгінін ұстаған танымал пародист Олжас Сыдықбек, поэзия толқынынан соң Серікзат Мақсұтұлының сөзіне жазылған “Қазақтың тойы” әнін орындауға сахнаға “Жігіттер” тобын шақырды. Әуелете ән шырқаған өнерлі жігіттерден соң, “Жолайрық” әнімен Роза Әлқожа, Медет Салықовтың әніне жазылған “Күлімдесең болмай ма?” әнімен Медет пен Клара, “Арман-ай” әнімен Клара Төленбаева мен оның шәкірті Айнұр Өмірбекқызы, Нұрталап Жүсіптің әніне жазылған “Ағама” әнімен Жаңабай Өтегенов сынды өнер жұлдыздары әсем әнді әуелетті.

Бұдан соң “Ала сөйлеп, ұлыққа жаққанша, Адал сөйлеп, жұртқа жақ.”-дейтін айтыскер ақындардың Құлманбет айтыс дәстүрімен сөз қағыстыруы көрермендер назарына ұсынылды. Бұған айтыстың ақсақалдарына айналған Балғынбек Имашев пен Айнұр Тұрсынбаева, айтыстың жас бөрілері Жандарбек Бұлғақов, Сырым Әуезхан және кештің иесі Серікзат Мақсұтұлы шықты.

“Ей,ағайын,
Мінеки, наурыз келіп, жер гүлденді,
Көктем кеп көңіл көлдей мөлдірленді.
Бір емес төрт ақынды ертіп шықтым,
Тарихта қалдырсам деп мен бір белгі.

Жандарбек пен Сырымдай «рядовойды»,
Балғынбек пен Айнұрдай «дембілдерді».
Күнде-күнде жеңуші ем бір ақынды,
Бұл жолы төрт ақынды жеңгім келді.

Әрине, ол әзіл ғой, ең бастысы,
Халқымның ықыласын көргім келді.
Көктемі кеш келетін Астанада,
Кешімді кешіктірмей бергім келді.

Ей, төрт ақын,
Алдында алаш дейтін текті жұрттың,
Наурыздың нау шағында кеш құрыппын.
Төртеуіңді теңейін төрт түлікке,
Жазылмас маңдайына ешбір ұлттың.

Балғынбек маң-маң басқан дәу түйені,
Ақорданың қасына шөктіріппін.
Жандарбек шыр бітпейтін арық жылқы,
Мойында белгісі жоқ ет-жіліктің.

Құйрығында бір мысқал салмағы жоқ,
Сырымды қойдың төлі тоқты қыппын.
Айнұрды қай түлікке теңерімді,
Көңілі сезіп отыр көпшіліктің.

“Осторожно, корова” Айнұр отыр,
Мүйіздеп күн бермейтін соқтығып тым.
Төртеуін ертіп шығып сахнаға,
Серікзат болып отыр текті мықтың.
Кешімнің арқасында байып қалдым,
Иесі болып бүгін төрт түліктің.”, – деп сөзбен қағытқан кештің иесі айтыстың жандануына түрткі болды. Әрине, мұндағы Серікзат Мақсұтұлының айтыс марғасқаларын төрт түлікке теңеуі тек қана айтыстың өрістеуіне, оның көрермен қауымға қызықты болуына айтылған әзіл сөздері еді. Қызу басталған айтыс жұртшылықты қыран-топан күлкіге кенелтіп, таңдайларын қақтырды. “Ақынның тілі қылыштан өткір, қылдан нәзік.”,-демекші, от ауызды орақ тілді ақындардың айтысы кештің сәнін кіргізді. Бірінің сөзін бірі жалғап, бір-бірінің шымбайына тигізе шымшып сөйлеп, жиналған қауымды еріксіз баурап алды.


Дәурен СЕЙІТЖАНОВ, эстрада әншісі:

– Серікзат ағамның шығармашылығымен жақында ғана таныстым. Қалай десеңіздер, жақында Құрмаш Махан маған бір романс жазып берген болатын, соның сөзін Серікзат Дүйсенғазы ағамыз жазды. Бүгінгі концертте соны орындадым. Жалпы, жоғарыдан көрініп жүрген ағаларымыз жиналған тәуір-ақ концерт болды. Ұлыстың ұлы күні наурызға дөп келіп, нұр үстіне нұр болып жатыр. Еліміздегі ұлыстың ұлы күні құтты болып, ырыс мол болсын! Баршаңызға береке тілеймін.

Ақындардың сөз қағыстыруынан соң танымал сазгер, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, М.Мақатаевтың көптеген өлеңдеріне ән жазған атақты композитор Тұрсынғазы Рахимов сонау Семей өңірінен ақынды құттықтау үшін арнайы келіп, дарын иесінің сөзіне жазылған “Туған жер” әнін орындауы кештің сәнін келтіре түсті. Әсерлі әннен соң бойымызды поэзия самалы тағы да желпіп өтті. “Көгілдір аспан, көз жетпес сеңгір ұласқан, Тылсымы терең құдіретіңнен кім асқан” деп Серікзат Мақсұтұлының студент-шәкірттері арқалы ақынның өлеңдерінен кесте тігіп, бойымызды балқытты. Бейне бір өзге әлемге сапар шеккендей күйге ендік.

“Әзілің жарасса атаңмен ойна” дегендей әсерлі поэзиядан соң белгілі пародист, Астана мемлекеттік көңілді тапқырлар театрының директоры Тұрсынбек Қабатов көрермен қауымды ұтымды әзілдерімен көңіл-күйлерін көтеріп, күлкіге кенелтті. “Әзілде кек жоқ,өсекте шек жоқ.”, – демекші, кеш Серікзат Дүйсенғазынікі болған соң, әзілдердің барлығы да кештің иесіне арнала айтылды. Қалжыңдарының соңын Тұрсынбек Қабатов Серікзат Дүйсенғазының сөзіне, Медет Салықовтың әніне жазылған “Жаным әке” әнін республикалық “Жас қанат” байқауының бас жүлдегері Әсел Мәдекешованы сахнаға шақыруымен тәмамдады. Әкеге арналған әннен соң ана жайлы да сыр шертпесек орынсыз болар дегендей Құрмаш Маханның әніне жазылған “Ана” әні белгілі әнші Дәурен Сейітжанов арқылы орындалды. Сондай-ақ, Заттыбек Көпбосынұлының “Айқабақ” әні, “Қазақ радиосының” жүргізушісі Әсел Ергешқызымен орындаған “Перзент тілегі” әні кешті одан әрмен қыздыра түсті. Осы әнді орындай жүріп, кеш иесінің ата-анасы Мақсұт аға мен Сәжида апаға гүл шоқтары табысталды.

Артынша Серікзат Мақсұтұлы өзінің жауһар жырларынан ата-анасы, жары Айнұрға, артынан өсіп-келе жатқан қырмызы қызы мен мұрагер ұлына арналған өлеңдерімен өнерсүйер қауымды тамсандырды. Әкелерінің арнауларынан кейін бүлдіршіндердің өздері де ақындық өнерден кенде еместіктерін байқатты. Бұдан соң ақынның сөзіне жазылған жас әнші Райымбек Уайыстың “Әдемім» әні, “Бәйтерек” тобының орындауында “Достармен бірге” әні, Досымжан Таңатаровтың орындауында Жалғас Кеңесовтің әні “Астана”, “Ерке” тобының орындауында Арман Бексұлтанның әні “Қазағым” шырқалды.

Әуезді әннен кейін “Бакудің түні топ-торғын, Аспаннан сан мың от көрдім”-деп “Қаллеки” театрының әртістері мен Қазақ ұлттық өнер университетінің студенттері дарын иесінің маржан жырларынан халықты сусындатып, кешті ары қарай жалғастырды.


Медет САЛЫҚОВ, «Аламан» тобының мүшесі:

– Серiкзат синкреттi өнердің иесі. Бiр бойында бірнеше өнер тоғысқан. Суырыпсалма акындыгы, поэзиясы,сазгерлiгi, көптеген танымал әндерге сөз жазган өнер иесі және білгір ғалым!


Серікзат Дүйсенғазының сөзі мен әніне жазылған “Жайдарлым” әнін “Думан-Тілеу” дуэтінің, сондай-ақ, ақынның сөзіне жазылған Біржан Асқаровтың ” Сен үшін жаралғандаймын”, “Түнгі сыр” әндері танымал әнші, “Музарт” тобының мүшесі Мейрамбек Беспаевтың орындауларында көрермен қауымға жол тартты. Мейрамбектің әнінен соң “Музарт” тобының орындауында Медет Салықовтың әні “Мөлдіреген көздерің”, Кенжебек Жанәбіловтің орындауындағы Павел Лидің “Ақ гүлім” әні көңіл пернесін шертіп, Қазақстан орталық концерт залына жиналғандарды дүр сілкіндірді.

Айта кетейік, кештің ұйымдастырылуына мұрындық болған Астана қаласы әкімдігі, Б.Мажағұлов басқаратын қалалық Мәдениет бөлімі еді. Кеш соңында Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің проректоры Дихан Қамзабекұлы, Астана қаласы тілдерді дамыту басқармасының бастығы Ербол Тілешов, Шығыс Қазақстан облысындағы Аягөз ауданы мәслихатының хатшысы Төлеухан Бозтайұлы және кештің ақпараттық демеушісі, ҚР Бас редакторлар клубының вице-президенті Мұратбек Тоқтағазин сахна төріне шақырылды.

“Серікзаттың шығармашылық өнерін сыйлап келген азаматтарға алғыс айтамыз”, – дей отырып, Дихан Қамзабекұлы Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің ректоры Сыдықов Ерлан Бәтташұлының атынан Серікзат Дүйсенғазының омырауына күміспен күптелген “Л.Гумилев медалін” тақты. Бұл ЖОО-ғы ең жоғарғы марапат болып табылады. Сондай-ақ, Астана қаласы әкімі Иманғали Тасмағамбетовтің атынан Ербол Тілешов құттықтау сөзін жеткізсе, Төлеухан Бозтайұлы Шығыс Қазақстан облысының және Аягөз ауданының әкімдері атынан құттықтау хаттарын оқып, жерлестерінің атынан сәйгүлік тұлпарды табыстады, қазақтың ырымымен “жасы кіші болса да биік белестерді бағындырған азамат ретінде” деп арқасына зерлі шапан жапты. Ал “Жастайынан домбыраны серік етіп, айтыс өнерінде жыр маржандарынан қамшы өрген Серікзат бауырымыз жақында құрамына 5 түрік мемлекеті енетін Халықаралық Жазушылар одағына мүшелікке енді”, – деп іргелі шығармашылық ұйымның аймақтық бөлімшесінің төрағасы Мұратбек Тоқтағазин мүшелікті растайтын куәлік пен төсбелгіні тапсырды. Сонымен қатар осы кеште Серікзат Дүйсенғазының “Мөлдіреген жанарың” атты ақынның сөзіне жазылған әндері және “Қарашығымда көшкен бұлт” атты өлеңдер жинағының тұсауы кесілді. Кештің шымылдығы “Аламан” тобының орындауындағы және Республикалық Ұланның құрмет қарауыл сарбаздары мен Президент оркестрінің бишілерінің қолдауымен шырқалған “Көк байрақ” әнімен жабылды.

Иә…”Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын” демей ме?! Халқымыздың арасынан осы Серікзат ағамыздай өнер тарландары, ғалымы шығып жатса, нұр үстіне нұр болмай ма? Өнерді қашанда құрметтейтін алаш жұрты, осындай ер-азаматтарың барда сен өлмейсің, тарих сахнасынан ешқашанда өшпейсің! Өнер жұлдызына шығармашылық биіктерден көрініп, елінің елеулі, халқының қалаулы азаматы, қашанда сөз жанашыры, сөз зергері болып жүре беруіне шын жүректен тілектеспіз.

Біз кеш соңында өнерпаздың шығармашылығына байланысты бірқатар көрермендердің пікірлерін жазып алған едік. Енді соны газет оқырмандарының назарына ұсыналық.

Назым КЕНЖЕБАЕВА,
«Әділеттің» арнайы тілшісі