2013-12-31

Мәңгілік махаббат еліндегі мәдени шара

Мәңгілік махаббат еліндегі мәдени шара
Жақында Шығыс Қазақстан облысы Тарбағатай ауылында Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті филология факультетінің доценті, филология ғылымдарының кандидаты, айтыскер ақын Серікзат Дүйсенғазы атындағы қазақ тілі кабинетінің ашылу салтанаты өтті. Жерлесімізбен бірге келген танымал ақын Қалқаман Сарин, айтыскер қыздарымыз Айнұр Тұрсынбаева, Сара Тоқтамысовалармен кездесу ауыл тұрғындары мен оқушыларды қуанышқа бөледі.

Кездесуде аудан әкімінің орынбасары Нұржан Молдашев шақыруды қабыл алған Серікзат Мақсұтұлына халық атынан рахметін айтып, ризашылығын білдірді.

Келесі кезекте сөз алған Серікзат Мақсұтұлы:«Мен кәсіпкер емеспін, бұл кабинетке үйіп-төгіп дүние әкеліп беремін деп уәде ете алмаймын. Бірақ керекті кітаптар мен көрнекілік құралдар жағынан көмектесіп тұрамын», деді. Сонымен бірге, ала келген әдеби-ғылыми кітаптарын, өзі сөзін жазған әндер жинағын кабинетке тарту етті. Кезегімен сөз алған ауыл ақсақалы Сапар Өзбеков қонақтарға алғыс айтып, ақ жол тіледі.

Осыдан кейін шара Аягөз қаласында жалғасын тапты. Қонақтар мұнда жаңадан салынып пайдалануға берілген 200 орындық балабақша мен Семей облыстық тарихи-өлкетану мұражайының Аягөз қаласындағы филиалының ашылуына қатысты. Бүлдіршіндердің қуанышын еселейтін тәрбие ордасын қабылдап алу салтанатына Шығыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Нұрымбет Сақтағанов, аудан әкімі Нұрбол Нұрғалиев, ақын, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Несіпбек Айтұлы, жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Сұлтан Оразалин тебірене сөз сөйледі.

Шығыс Қазақстан облысының әкімі Бердібек Сапарбаевтың «Туған жерге тағзым» акциясының аясында Аягөз қаласының қақ ортасында орналасқан «Жастар» саябағында бой көтерген махаббат символы «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» ескерткішінің ашылуына көпшіліктің куәгер болғанына да біраз уақыт өтті. Сол қос ғашықтың махаббатын ту еткен республикалық «Мәңгілік махаббат» атты ақындар мүшәйрасының қорытынды кеші де осы күні мәресіне жетті. Бұл мәдени шараның қорытындысы бойынша арқалы ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Серік Ақсұңқарұлы бірінші орынға ие болып, 500 мың теңге сыйақы алды. Екінші орын халықаралық «Шабыт» фестивалінің жүлдегері Ерлан Жүніске бұйырып, 300 мың теңгеге ие болды. Үшінші орынды «Алтын қалам-2011» әдеби сыйлығының иегері, жас ақын Олжас Қасым иеленді. Ол 200 мың теңге сыйақымен марапатталды.

Бекен МАЛДЫБАЕВ,
Әлия КӨШКІМБАЕВА.
Шығыс Қазақстан облысы,
Аягөз ауданы.
“Егемен Қазақстан” газеті