2014-02-19

"Қазақстан концерт залында кездесейік"

"Қазақстан концерт залында кездесейік"
– Секе, Наурыз мейрамымен тұспа-тұс күні шығармашылық кешіңізді өткізгелі жатыр екенсіз. Құтты болсын!..

– Рахмет! Негізі, бұл өзі көптен бері ойымда жүрген шаруа еді. Менімен қатарлас ақындардың көпшілігі шығармашылық кештерін өткізгенін білесіздер. «Саған да халыққа шығармашылық есеп беретін кезің жетті» деп өнердегі достарымның айтып жүргеніне біраз уақыт болды. Бірақ тәуекел жасай алмай жүрген болатынмын. Астана қаласы Мәдениет басқармасының бастығы Болат Мажағұлов мырза қолдау білдірген соң ойлануға тура келді. Шығармашылық байланыстағы достарыммен ақылдаса келе өткізуге шешім қабылдадым. Алла қаласа, кешті 22 наурызға жоспарлап отырмыз. «Қазақстан» орталық концерт залында өткізбекпіз. Қазір қарап отырсам қырықтың қырқасына жақындап қалыппыз. Сондықтан осыған дейін жасаған азды-көпті еңбегімнің елге есебін берсем деген тоқтамға келдім. Кештің атын «Перзент тілегі» деп қойдық. Бүгінгі күнге дейін жазылған өлеңдерім, сөзін жазған әндерімнің барлығы еліміздің, ұлтымыздың руханиятына қосылған тамшыдай болса да үлесім деп ойлаймын. Алдымен қазақ деген халықтың перзентімін, одан соң жетпіске келген ата-анам бар, бойымда азғандай қабілетім, талантым болса, сол кісілерден дарығаны анық. «Перзент тілегі» деп атағанымның себебі осы.


– «Перзент тілегі» дейтін әніңіз де бар ғой?..

– Иә, Заттыбек Көпбосынұлы мен Әсел Ергешқызы жұптасып орындайтын «Перзент тілегі» деген лирикалық әннің сөзі менікі. Халыққа әлі кеңінен тарала қойған жоқ, оны осы кеште тыңдайсыздар.


– Құрдасыңыз, айтыскер ақын Айбек Қалиевтің кеші туған жері Арқалық қаласында өтті. Сіз туған жеріңізге сый жасағыңыз келмеді ме?

– Осы уақытқа дейінгі саналы ғұмырымның негізгі бөлігі Астанада өтті. Шығармашылығымның шабытты кезеңі де Астанаға көшкеннен кейінгі уақытқа тап келді деп ойлаймын. Екі мыңыншы жылдардың басында Алматыдан қоныс аударғаннан кейін айтыстағы, ғылыми жұмыстағы жетістіктерімнің барлығына осы Елордамызда қол жеткіздім. Сондықтан алдымен осы жерден бастамақпын. Туған елмен байланысып тұрамыз. Келешекте шырайлы Шығысымда да бір кеш өткізетін күн туар.


– Бірқатар танымал әндердің сөзін жазыпсыз. Танымал әншілер де қатысатын болар?

– Иә, анау айтқандай демегенмен, сөзін жазған әндердің саны да біразға жетіп қалды. Мейрамбек Бесбаевтың орындап жүрген «Сен үшін жаралғандаймын», «Түнгі сыр», «Сүйіктім» деген әндер халыққа кең таралды. Медет Салықов екеуміз жазған «Мөлдіреген жанарың» деген әнді де «МузАРТ» орындап жүр. Қарақат Әбілдинаның, Медет пен Клараның, «Бәйтерек» тобының, Досымжан Таңатаровтың орындауындағы әндер бар. «Қазақстан» концерт залында соның бәрі шырқалады, қосымша жаңа әндер орындалады. «Жігіттер», «Ерке», «Аламан» сынды эстрадалық топтар, Тұрсынғазы Рахимов, Гүлмира Сарина, Еркін Шүкіманов, Саят Нұрғазин сияқты дәстүрлі әншілер менің сөзіме жазылған әндерді орындамақшы. Роза Әлқожаның орындауындағы «Жолайырық» деген әннің сөзін жазып едім, сол әнді Роза өзі орындауға тиіс. Шымкенттен Заттыбек келеді. Белгілі әзілкештер Тұрсынбек Қабатов досым мен Олжас Сыдықбек бауырым да өнер көрсетеді. Жас әншілер мен актерлер, студенттерім де қатысады. Жоспарымыздың шет жағасы осындай. Құдай қаласа, халықтың көңілінен шығатындай етіп өткізсек деп отырмыз.


– Сізді халық айтыскер ақын деп таниды. Шығармашылық кеште ол өнеріңізді көрсетесіз бе?

– Әрине. Мен Астанаға осыдан он жылдан астам уақыт бұрын Елордада айтыскерлердің шоғыры жаңадан қалыптасып жатқан кезде келдім. Аманжол Әлтай, Айбек, Балғынбек, Дәулеткерейлер бар, бәріміздің басымыз осы елордада қосылған-ды. Университетте «Топжарған» деген жас айтыскерлер клубын құрдым. Содан бірнеше буын шәкірттерім өсіп шықты. Солардың арасынан Еркебұлан, Иранғайып, Жандарбек, Мейірбек, Сырым сынды жас ақындар сахнаға шығады деп отырмыз. Қатарластарым Балғынбек, Айнұрлар да өнер көрсетеді..


– Кезінде айтыс пен жазба поэзияны тең ұстап жүргендерге қатысты «қосмекенді» деген ұғым қалыптасып еді. Сіз де сол «қосмекенділердің» санатынан боларсыз?..

– Ең бірінші мен шығармашылықты жазба поэзиядан бастағанмын. Айтыс деген аламан бәйге сияқты ғой, келе-келе делебем қозып айтысып кеттім. Бірақ жазуды қойған жоқпын, арасында қалам-қағазымды сүйкеп қоямын. Бірақ көп уақытымды айтысқа арнағандықтан, жазба поэзиямды насихаттаған жоқпын. Интернет сайттар сұрап алып жариялағаны болмаса, жеке өлең кітабымды да шығарған емеспін.


– Жеке кітабыңызды шығарғыңыз келмей ме?

– Өлеңдерімнің басын қосып, 22 наурызға дейін жеке жинақ шығаруды жоспарлап отырмын. Ғылыммен айналысып жүргеннен кейін поэзия кітабымды шығаруды онша құнттамап едім. Енді соның орнын толтыруға ниеттеніп отырмын. Айтысқа, ғылымға көбірек көңіл бөлген соң, поэзиям саябырсып қалғаны рас. Дегенмен, ішіңде буырқанып жатқан дүниені тұншықтырмай, шығарып тұру керек екенін түсіндім. Соның арқасында біраз өлең жазылды ғой.


– Кең сарайда кеш өткізу үшін де демеуші керек болар. Сіздің демеушіңіз бар ма?

– Негізгі қолдаушым Астана қалалық Мәдениет басқармасы дедім ғой. Мәдениет басқармасының қолдауымен ақын Қалқаман Саринның, сазгер Медет Салықовтың шығармашылық кеші, «МузАРТ»-тың концерті сияқты бірнеше игі шаралар өтті. Басқа да көптеген керемет кештер ұйымдастырып жатыр. Жақын күндері Секен Тұрысбеков ағамыздың «Ақ жауын» ансамблі халықпен жүздеспек екен. Мұның бәрі елдің руханиятын байытуға үшін керек шаралар. Өзім қызмет атқаратын Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры Ерлан Сыдықов мырза да қолдау көрсетуде. Қазақстан бас редакторлар клубы ақпараттық қолдау жасамақшы. Қаржылық жағынан демеушілік жасайтын кәсіпкерлер де бар. Кітабымды, әндердің дискін шығаруға да ат салысатын азаматтар табылды. Олардың бәрі кештің барысында айтылады.


– Секе, сіздің ресми атағыңыз бар ма?

– Менің филология ғылымдарының кандидаты деген жалғыз ғылыми атағым бар, ал Үкіметтен алған басқа атағым жоқ. Осыған дейін ресми атаққа сонау жылдары бір-ақ рет ұсынылыппын. «Дарын» жастар сыйлығына бірнеше ақын қатар ұсынылып, Айбек Қалиев екеуміздің жолымыз болмады. Шындығында Айбек досым сыйлыққа лайық еді. Оған бола еңсеміз түсе қойған жоқ. Бұйырып тұрған атақ болса, әлі де ала жатармыз!..