2013-12-04

Бүгінгі айтыстың тосын сыйы көп

Бүгінгі айтыстың тосын сыйы көп
Бүгін Астанада айтыс өтеді. Тәуелсіздік күніне орай, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық универсиетінде білім алатын жас перілер сөз қағыстырмақ. Біз осы айтысқа мұрындық болып, шараның басы-қасында жүрген, жас ақындарды қамшылап, қамқорлығын аямайтын айтыскер ақын Серікзат Дүйсенғазинге «Aynaline.kz» оқымандары атынан, жалпы айтыссүйер қауым атынан бірнеше сауал қойған едік.


– Секе, осы жолы қанша айтыскер сөз қағыстырмақ? Баптаған ақындарыңыз сахнаға шығуға құлшынып отыр ма?

– Он екі ақынды іріктеп алдық. Он екісі де болашағынан үміт күттіретін мықты ақындар, көрермен алдында ұятқа қалмайтындай өнер көрсететініне сенімдімін.

Жақында Мейірбек Сұлтанхан бастаған жас ақындар келіп, айтысуға ниетті екендіктерін айтты. Шындығында, республикалық додадаларға баруға жастардың мүмкіндігі бола бермейді. Оларға жолпұлдың өзі кәдімгідей салмақ. Олай болса, алысқа бармай-ақ өзіміз неге ұйымдастырмасқа?! Кезінде Төреғали Төреәлі, Еркебұлан Қайназаров сияқты ақындар осы университет ішіндегі додалардан қанат қаққан. Неге сол үрдісті жалғастырмасқа?! Оған толық жағдайымыз бар біздің.

Университет ректоры Ерлан Бәттәшұлы Сыдықов айтысты жақсы көретін азамат, бізге қолдан келгенше көмектесуге әзір. Оқу орнының конференция залына бірнеше мың адам еркін сияды. Филология факультетінің ұстаздар қауымы, «Алқа» жастардың әдеби бірлестігі ұйымдастыру жұмыстарына қолғабыстарын тигізіп жатыр. Айтыскерлеріміз, тіпті, тегін айтысуға да дайын.

Жалпы, Қазақстандағы ең танымал жас айтыскерлердің басым көпшілігі Астанада тұрады. Жандарбек, Мейірбек, Сырым, Еркебұлан… осы тізімді жалғастыра беруге болады. Анда-санда олардың да басын біріктіріп, «ащы терін» алып қойып отырсақ, артықтық етпейді деп санаймын.


– Қазылардың құрамында кімдер бар?

– Әділқазылардың құрамында ғалым ағаларымыз Сейіт Қасқабасов, Намазалы Омашұлы бар. Аманжол Әлтаев, Балғынбек Имашев, Қалқаман Сарин сынды ақындарды, әнші Кенжеғали Мыржықбайды шақырдық. Дәулеткерей Кәпұлы, Айнұр Тұрсынбаева, Сара Тоқтамысова, Мұхтар Ниязов, Нұрмат Мансұров, Жандарбек Бұлғақов сынды айтыстың тарландары көрермен ретінде қатысады.


– Танымал ақындарға тек көрермен ретінде қатысқан жараспайтын сияқты. Оларды сахнаға шығарғыңыз келмей ме?

– Өте дұрыс айтып отырсың. Айтыстың ортасында Балғынбек Жандарбек, Мұхтар, Нұрмат сияқты жас перілермен айтысам деп отыр. Айнұр Тұрсынбаева, Әсем Ережеқызы, Сара Тоқтамысова қарындастарым айтысқа араласып кетіп жатса, таңғалмаңыздар. Қысқасы, көрермен үшін тосын сыйымыз көп болады.


– Сыйақы қоры қанша екенін айта аласыз ба?

– Біздің демеушіміз – университет. Студенттердің кәсіподақ ұйымы, Тәрбие бөлімі бар, басты демеушілеріміз солар. Академик Сейіт Қасқабасов өз атынан жүлде тігеді, басқа да ғалымдарымыз қарап қалмас деп ойлаймын. Жалпы, сыйақы қоры аса үлкен емес. Дегенмен, компьютер, смартфон жеңіп алып жатса, студенттер үшін ол да жаман емес деп ойлаймын.


– Студенттерді айтыстыру туралы идея қалай туындады?

–Бұл идея бұдан бірнеше жыл бұрын туындаған. «Мен» деген жас ақындардың басын қосып, айтыс ұйымдастырып келе жатқанымызға бірнеше жыл болды. 2000 жылдардың басында ЕҰУ-да айтыскер ақындарды даярлайтын арнайы мамандық ашылған-ды. Еркебұлан Қайназаров, Асхат Ізтілеуов, Иранғайып Қайназаров, Көпжасар Алдабергенов сияқты қазіргі белгілі ақындардың біразы кезінде сол мамандықта оқыған. Айтыскерлердің басы қосылғансын, университет ішіндегі жыр додаларында солардың өнерін жарыстыруды қолға алғанбыз. Сол жылдары Астана қалалық тілдерді дамыту басқармасының бастығы болып қызмет атқарған Оразкүл Асанғазы да қол ұшын созды. Сол кісінің өтінішімен, басқарманың қаржылай демеушілігімен жыл сайын студенттер арасында айтыс өткізіп тұруды дәстүрге айналдырдық. Университетіміз де демеушілік жасады, бір жылдары «Жас Отан» жастар қанаты да араласты бұл іске. Сөйтіп, кей жылдары студенттер айтысы республикалық деңгейге көтерілгенін де айта кету керек.


– Ел арасында «айтысты меншіктеп алғысы келетіндер бар» деген әңгіме айтылып жүр. «Жүрсіннің айтысы», «Бекболаттың айтысы» деген «ұғымдар» пайда бола бастапты. Бұл сонда сіздің айтысыңыз ба?

– Мен Жүрсін Ерман ағамыздың «штаттан тыс орынбасарымын» деп әзілдеймін. Республикалық айтыстарды ұйымдастыруға мүмкіндігім жеткенше көмектесіп жүремін, ол кісінің сеніміне ие болған адаммын. Кезінде студенттер айтысын алғаш ұйымдастырғанда бұл идея туралы Жүрсін ағамызға айтып, мән-жайын түсіндіргенмін. Бекболаттың айтысы, Жүрсіннің айтысы деп бөлектейтін ештеңесі жоқ, бұл – халықтың айтысы.

Екіншіден, айтысқа университетіміздің филология факультеті, оның ішінде қазақ әдебиеті кафедрасы ұйытқы болып отыр. Бұл жерде талай айтыста топ жарған, айтысты ғылыми тұрғыда зерттеп жүрген ақындар жұмыс істеген, қазір де істейді. Мәселен, Аманжол Әлтаев ағамыз бар, Балғынбек, Дәулеткерей, Айбек, мен бармын, бәріміз осы кафедраға бөтен адамдар емеспіз. Кафедра меңгерушісі, академик Сейіт ағамыз Қасқабасов – қазақтың ауыз әдебиетін, оның ішінде айтысты терең зерттеген ғалым. Сондықтан, бұл айтысты өткізуге толық құқылымыз деп ойлаймын.


– Сұхбатыңызға рахмет! «Aynaline.kz» оқырмандарының атынан айтыс өнерінің туын көтеріп жүре беруіңізге тілектестік білдіреміз!