2013-01-18

Он жеті ақынның жалғасымын

Он жеті ақынның жалғасымын
– Жасынан домбыраны жанына серік етіп, жиырма жылдан астам уақыт аралығында айтыс өнерінде қара сөзден қамшы өрген, талай республикалық жыр додаларында топ жарған арқалы ақын, филология ғылымдарының кандидаты, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті қазақ әдебиеті кафедрасының доценті ─ Серікзат Дүйсенғазиннің есімі көпшілікке мәлім. Ақынның «Шетел әдебиетінің тарихы» оқулығының, «Халық поэзиясы және Ғабдиман Игенсартов мұрасы» атты монографияның, «Халықаралық Наурыз айтысы», «Астана көшелерінің атаулары», «Бізге де сөйлер кез келер», «Қазіргі айтыс» атты екі томдық жинақтардың құрастырушысы екенін және білеміз. Осы ретте біз айтыс өнері мен жазба жырды қатар алып, талай шәкірттің жүрегіне білім нәрін құйған азаматтың шығармашылығы хақында тілдесуді жөн санадық. Әлқисса…


– Алғашқы сұрағымды қоймас бұрын, биылғы жылан жылында жаңа табысқа жетуіңізге тілектестігімді білдіремін. Бір сұхбатыңызда: «Мен он жеті ақынның жалғасымын» деген екенсіз. Газетіміздің оқырмандарын өз өмірбаяныңызға қанықтыра кетсеңіз?

– Иә, ХІХ ғасырда Аягөз өңірінде бір атадан тараған «Сыбанның он жеті ақыны» деген ғажайып генофонд болған. Олар атақты Ақтайлақ шешеннің мектебінен тәлім алған ақындар еді. Біз тарихтан білетін Ақтайлақтың үйінде от ауызды Жанақ ақыннан он алтысы жеңіліп, он жетінші бала Сабырбай жеңетін ақындар бар емес пе? Міне солар. Бұл оқиға жайында М.Әуезовтің «Абай жолы» романында, бірқатар әдеби зерттеу еңбектерде айтылған. Олардың арасынан Түбек ақын, Сабырбай ақын, Сабырбайдың қызы Қуандық сияқты аты Алты Алашқа танымал ақындар шықты. Жұрт білетін Дулат Бабатайұлы, Әріп Тәңірбергеновтер де сол елдің, сол Сыбан аталығының ұрпақтары. Шығыс Қазақстанның Аягөз, Ақсуат, Үржар, Жарма, Көкпекті аудандарын ерте заманнан Найман Қаракерейдің Мұрын және Сыбан деген екі аталығынан тарайтын қалың ел жайлап келеді. Өз басым Мұрынның Малтүгел деген сол өңірге аңқаулығымен аты шыққан аталығының баласымын. Бірақ маған ақындық Сыбаннан келіп тұр. Неге дейсіз ғой? Үлкендердің айтуы бойынша, менің атам Дүйсенғазының шешесі Күлсім деген ұлы әжем ақпа ақын адам болған көрінеді. Ол кісі жаңағы «он жетінің» ұрпағы. Руы ─ Сыбан. Менің бабам Қасымның жары. Олардан төрт ұл, бір қыз туған. Барлығының да бір атары бар ақын болған екен. Нұрғазы, Ешенғазы, Дүйсенғазы, Кенжеғазы және Кәмен деген қыз. Араларында Кенжеғазы ғана өле-өлгенше «Ақсуат арайы» газетінде редактор болып, өлең жазған. Қалғандары заман қиындығына байланысты әртүрлі себептермен ақындық жолды ұстай алмапты. Өз басым олардың ешқайсысын көрген жоқпын. Бір қызығы, кейінгі ұрпақтарының арасынан ақындық маған ғана қонды. Шамам келгенше солардың жаққан отын өшірмеуге тырысып келемін.


– Бала Серікзаттың арманы қандай еді?

– Е-е-е, арман деген көп болды ғой (күлді). Біздің бала күнімізде милиция болу деген үлкен арман еді. Себебі қолтығына қара папкісін қысқан бір милиция қызметкері жылына бір рет қана келіп бүкіл ауылды тік тұрғызып кететін. Барлық құрмет соған көрсетілуші еді. Ес жиып, етек жапқанша милиция болам деп жүрдік. Бірақ кейін, ұмытпасам 7-8 оқитын кезім болса керек, жазушы болсам деген сезім оянды. Себебі әкем Мақсұттың ағасы Ерғазы Рахимов деген жазушы болатын. Сол кісіге еріп біздің ауылға Алматыдан Оралхан Бөкей, Тынымбай Нұрмағамбетов, Тоқтархан Шәріпжанов т.б. жазушылар келіп жатушы еді. Оның үстіне сіздердің газеттің редакторы Мұратбек Тоқтағазин де менің ауылдасым. Біздің бала күнімізде қазіргі «Егемен Қазақстанның» меншікті тілшісі болып атағы дүрілдеп тұрды. Айтыс өнеріне тәй-тәй басып, өлең жаза бастаған маған осының барлығы қатты әсер етті. Сол арман ғой мені Алматыдағы КазМУ-ге жетелеп әкелген.


– Арманыңыз қаншалықты орындалды?

– Аллаға шүкір, негізгі арманыма жеттім. Анау айтқандай атақты жазушы болмасам да, шығармашылықпен айналысып жүрмін. Өлең жазам, әдеби шығармаларға ғылыми зерттеу жасаймын. Одан артық не керек?


– Айтыс өнерінде соңғы рет қашан бақ сынадыңыз? Және жүлдегерлер қатарынан көріндіңіз бе?

– Өткен жылдың күзінде бес-алты республикалық айтыстарға қатыстым. Соңғы рет қараша айында Қарағанды облысы, Ақтоғай ауданында өткен Күләш Бәйсейітованың 100 жылдығына арналған республикалық айтыста екінші орынға ие болдым.


– Бүгінде жұртшылық айтысты «тартыс» деп жатады? Сіз бұл пікірмен келісесіз бе?

– Келісемін. Айтыстың сипатының өзі екі адамның диалогынан құралған драмалық тартыс болса неге тартысқа жатқызбасқа? Ал енді ол өзі айтыс болғасын айтыстан кейін де айтыстар болуы заңдылық. Оның жүлдесіне байланысты, ақындардың қарымына байланысты көрермендер арасында дау туып жатады. Өз басым айтыстың көркемдігіне, елге берер тағылымына қатты мән беремін.


– Сахна төрінде ел мүддесі үшін тартысып қалатын ақындарыңызбен кейін қарым-қатынастарыңыз қалай болады?

– Қарым-қатынасымыз баяғыша бола береді. Шорабек Айдаров ағамыздың: «Сахнада қарсыласпен пышақтасам, Былайша шыға беріп құшақтасам» деген ұстанымы барлық ақындарға ортақ болуы тиіс.


– Ақынның болмысын көрсететін сахна өнерінде мінез қаншалықты қажет?

– Мінез деген басты факторлардың бірі. Өткірлікпен қатар білімділік, мәдениеттілік те болуы керек. Мінезсіз ақын сахнаға шыққанда өзін-өзі жоғалтады немесе бір айтыста жеңілсе беті қайтып қалады. Елдік, ұлттық мәселелерді айту кезінде жалтарып қалады. Сондықтан елге танымал ақындардың барлығын өзіне тән мінезі бар ақындар деп білемін.


– Қатарластарыңызда сіз айтыспаған ақын қалды ма?

– Әрине, айтыспаған ақындар бар. Мәселен, Аманжол Әлтаев, Мэлс Қосымбаев, Мұхаметжан Тазабеков, Маржан Есжанова, Айнұр Тұрсынбаеваларды айтар едім. Қаншама айтыстарға қатар қатысып, қатар жүрсек те осы ақындармен ел алдында айтысудың сәті келмеді.


– Сіздің ойыңызша, айтыс өнерінің жүйесін кеңейту үшін не істеу керек?

– Айтыстың жүйесін дамыту үшін ізденістер мен тынымсыз еңбектер қажет. Алдымен айтысқа эфир керек. Теледидар, радиодан айтыстар беріліп жатса оның жүйесінің кеңейгені сол. Қазір интернет бар. Айтысқа арналған бірнеше сайттар ашылды. Соларға еркіндік керек. Айтыстың видеожинағы, аудиожинағы, кітап жинағы шығу керек. Айтысқа арналған ғылыми конференциялар, ғылыми жинақтар шығып тұру керек. Сонда ғана айтыстың тынысы кеңейеді.

Айта кететін жаңалығым, жақында Аманжол Әлтаев, Сейіт Қасқабасов, Қойлыбай Асанов, Сәулеш Айтуғанова сияқты ғалымдармен бірге Білім және ғылым министрлігінен «Айтыстың интеграциялық сипаты» атты ғылыми жоба ұтып алдық. Соның аясында бірнеше жинақ шығаруды жоспарлап отырмыз.


– Айтыс өнерін басқа елде дамыту ойыңызда бар ма?

– Жүрсін аға осы уақытқа дейін Мәскеуде, Парижде айтыстар өткізді. Менің арманым ─ түркі халықтарының арасында осы айтысты өткізу. Айтыс біздің баға жетпес байлығымыз. Біз оны насихаттау арқылы қазақты кеңінен таныта аламыз. Қайбір жылы Арменияға барғанымда, армяндардың айтысқа қатты қызыққанын көрдім. Армянның Сафарян деген түрколог профессоры менің бір жылға қалуымды қатты өтінді. Тіпті, Симонян деген Ереван университетінің ректоры жағдайымның бәрін жасаймын деді. Бірақ келіскен жоқпын. Олардың мақсаттары – маған армян тілін үйретіп, өздерінде ежелде болған айтысқа ұқсас өнерді тірілтіп алмақ екен. Ал біздің кейбір белгілі қаламгерлеріміз бар айтысты өлтіре алмай жүр ғой. Міне, парадокс! Біздің арамызда осындай да біртүрлі қызық адамдар өмір сүріп жатыр, қарындасым!..


– Жазушылар Жазушылар одағының, журналистер Журналистер одағының, суретшілер Суретшілер одағының мүшесі бола алады. Ал айтыскер ақындарға арналған одақ бар ма?

– Жақында, желтоқсан айының жетісі күні Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Халықаралық айтыс ақындары және жыршы-термешілер одағы құрылды. Президенті болып Жүрсін Ерман ағамыз бірауыздан сайланды. Мен басқарма мүшесінің құрамына ендім.


– Шетелдерге жиі шығасыз, қазақ пен басқа елді салыстырғанда қандай ұқсастық болмаса ерекшелік байқайсыз?

– Мен үшін қазақтан артық ел жоқ. Қай елде жүрсем де қазақ жері ең көркем, ең жайлы жер деп мақтанамын. Қысқасы, бізге ешкім жетпейді, қарындасым! (күлді)


– Сәтті және сәтсіз айтысыңызға тоқталып өтсеңіз?

– Ондай айтыстар көп болды ғой. Осы уақытқа дейін қатысқан ірілі-ұсақты айтыстарымның барлығын қоссам жүзден асады. Оның қайсысы бірі есте дейсің. Дегенмен еске түскендерін айтып көрейін. Алғашқы сәтті айтысым 1992 жылы Би Боранбайға арналған аламан айтыста екінші орын алғаным. Сосын 1996 жылы Семейдегі облыстық ақындар айтысында бас жүлде алғаным. Соңғы сәтті айтысым 2011 жылы Жамбылдың 165 жылдық мерейтойына орай өткен аламан айтыста бас жүлде алғаным. Ал сәтсіз айтысым, 2008 жылы болуы керек, Қарағанды облысы Шет ауданының 80 жылдығына орай өткен айтыстың финалында болған Бекарыс Шойбековпен сөз сайысым. Сол күні түске жақын басталған айтыс финалында Қарағандыға түнделетіп барып келемін деп шаршап қалғаным бар. Ұйқының қанбағандығынан болар. Ойым шашырап, берекем кетті.


– Ең мықты қарсылас және әлсіз қарсылас деп қай айтыскер ақындарды айта аласыз?

– Қазіргі айтыс сахнасында жүрген ақындардың осалы жоқ. Деңгейі төмен ақынды Жүрсін Ерман айтысқа қатыстырмайды. Айтыста тек сәттілік және сәтсіздік деген болады. Сосын қазылар алқасы әділетсіздік қылса ақындардың жүйкесіне әсер етіп жатады.


– Жалпы, айтыста тігілген темір тұлпар саны жүзден асып жығылады екен. Соның қаншасын тақымыңызға бастыңыз?

– Менің айтыстан алған жүлделерімнің басын қоссам біраз темір көлік болары сөзсіз. Бірақ көбіне ақшасын аламыз. Ал темірден мінгенім біреу ғана.


– «Нағыз қазақ қазақ емес, нағыз қазақ домбыра» деп Қадір ағамыз айтқандай, домбыраны жаныңызға қашаннан бері серік етіп келесіз?

– Домбыра бала күнімнен серігім. Негізі менің балалық шағым Кеңес Үкіметінің кезінде өтті. Ол кезде ауыл жастары гитараға әуес болатын. Соның арқасында алғаш гитара тартып үйрендім. Кейін ақырындап айтысты бастағанымда домбыра тарту қажеттілігі туды. Домбыраны өздігімнен үйрендім. Төртінші сыныпта оқып жүргенімде домбыра үйірмесіне қатысқанмын. Бір күйге икемім келмей қойса керек, ашуланған үйірме жетекшісі: «Сенен домбырашы шықпайды» деп мені құлағымнан сүйреп отырып шығарып жіберді (күлді). Сосын намыстанып біраз уақыт қолыма домбыра ұстамай қойдым. Кейін өздігімнен үйрендім де, 10-11 сыныпта мектептің домбырашылар оркестрінің мүшесі болдым. Сол кезде бұрынғы мұғалімімнің таңқалғаны бар.


– Айтыс ақыны сегіз қырлы бір сырлы болу керек. Біз сізді айтыскер ақын, жазба ақын, ұстаз, доцент ретінде жақсы білеміз. Мұнан өзге бойыңызда біз білмейтін қандай өнер бар?

– Спортты жақсы көремін. Бірақ сол бар болғырға көбіне қол тие бермейді. Аздап ән салатыным бар.


– Ақындарды екі топқа бөлеміз жазба ақыны, айтыс ақыны деп. Бұл екі қасиетті де сіздің бойыңыздан байқай аламыз. Дегенмен өзіңіз үшін қайсысы жаныңызға жақын?

– Екеуі де жаныма жақын. Айтыс пен жазба ақындықтың сипаты екі бөлек болғанымен, түбі бір ғой. Екеуінің де діңгегі өлең. Жазба ақын болу оңай емес. Өзіндік ерекшелігің, қолтаңбаң болмаса көптің бірі ғана боласың. Жазбаға тереңдік керек. Жұмекен айтқандай: «Бұтақтарың биікте, тамырларың тереңде» болуы шарт. Ал айтыста олай тереңдей алмайсың. Қарсыласың бар, талғамы әртүрлі көрерменге қарсы қарап отырасың. Айтысты жазба поэзиямен салыстыратындарға таң қаламын кейде. Әр нәрсенің өзінің атқаратын қызметі бар ғой. Егер ол болмаса қоғамда өмір сүрмейді. Айтыс ─ сахналық сипаттағы өнер. Мысалы, проза мен драма екі бөлек жанр ғой. Қанша жерден драматург болып, пьеса жазсаң да, ол сахнада қойылмаса құны болмайды. Драмада романдағы сияқты көркемдік тәсілдер, суреттеулерді емін-еркін қолдана алмайсың. Драма тек жазушының шығармасы ғана емес, режиссері, декорациясы, музыкасы, ойнайтын актердің шеберлігі арқылы ғана көркемдік шыңға шығады. Ол болмаса спектакль сәтті шықпайды. Айтыс та сол сияқты. Ол сахнаға шықпаса құны жоқ. Поэзия сияқты жазып, кітап етіп шығарсаң да, сахнадан көргендей аса қызық бола қоймайды. Оның декорациясы, музыкасы, айтыскердің актерлік шеберлігі болмаса мың жерден терең ақын болсаң да халыққа сүйкімді болмайсың. Сондықтан айтыскер болу да оңай шаруа емес.


– Сіз Еуразия ұлттық университетінде ұстаздық қызмет атқарасыз. Жалпы, жастар арасында айтысқа баулып, тәрбиелеп жүрген шәкірттеріңіз бар ма?

– Еуразия ұлттық университетіндегі жас айтыскерлерге де, жазба ақындарға да білген ақылымды айтып отырамын. Жас айтыскерлерден Жандарбек Бұлғақов, Мейіржан Әлібеков, Жақсылық Орынбасар, Мейірбек Сұлтанхан, Сырым Әуезхан, Таңжарық Ержан, Айбек Қали, Алтынбек Сүйінбекұлы т.б. менің шәкірттерім. Үлкендерден Астанадағы Иранғайып Күзембаев, Еркебұлан Қайназаровтар да бізді ұстаз санайды. Жазба ақындардан жанымда жүрген Ербол Алшынбай, Ғабиден Қуанышбай, Еркін Исахан, Ұмтыл Зарыққан, Есбол Нұрахмет, Саян Есжан, Жасұлан Серік, Ажар Ерболғанова, Ақерке Асандарға қолымнан келгенше қамқорлығымды көрсетемін.


– Барлық өнер адамдары алғашында баспана қиыншылығын көреді. Бұл мәселені қалай шештіңіз?

– Иә, Астанаға келгенімде он жылдай үйсіз жүрдім. Қазір университет берген үш бөлмелі пәтерде тұрып жатырмын.


– Отбасылық жағдайыңызға тоқталып өтсеңіз…

– Екі балам бар. Қызым Аружан үшінші сыныпта оқиды. Ұлым Әлихан алты жаста. Биыл Алла жазса мектепке барады. Келіншегім Айнұр өзіммен бірге Еуразия ұлттық университетінде «Ғарыш техникасы және технологиялары» кафедрасында сабақ береді.


– Егер өмірге екінші рет келгенде қай мамандықты таңдар едіңіз?

– Дәл қазіргі мамандығымды таңдаған болар едім.


– Өлеңдеріңіз газет-журналдарда, ғаламтор сайттарында жарияланып жүр. Болашақта жырларыңызды топтастыратын жыр жинағын шығару ойыңызда бар ма?

– Жыр жинағын шығару ойымда бар. Ол енді алдағы күннің шаруасы. Қазір жинақталып жатырмын.


– Шығармашылығыңызда не жаңалық бар?

– Өткен жылы бірталай айтыстарға қатыстым. Жаңа өлеңдер, жаңа әндерге сөздер жаздым. Оның біразы жарияланды. Қалғаны жақында жарық көреді. Поэзиядағы көлемді жанрларға да қалам тартсам деген талабым бар. Келешекте көрерміз.


– Мейрамбек Беспаевтың орындауындағы «Сен үшін жаралғандаймын», «Түнгі сыр», «Сүйіктім» әндері мәтінінің авторы сіз екенін жақсы білеміз. Мұнан өзге өлеңдеріңізге жазылған әндер сахнада орындалып жүр ме?

– Кенжебек Жанәбіловтың орындауындағы «Ақ гүлім» деген әннің сөзі менікі. Сазгер Медет Салықовпен бірігіп жазған «Күлімдесең болмай ма?» әні Медет пен Клараның орындауында, «Арман-ай» әні Клара Төленбаева мен Ардақ Балажанованың орындауында үлкен сахналарға шыға бастады. Жақында «МузАРТ» тобына, Тоқтар Серіковке, Қарақат Әбілдинаға, Роза Әлқожаға, «Аламан» тобына, Гүлзира Бөкейханқызына, т.б. біраз әншілер орындайтын әндерге сөз жазып бердім. Алла жазса, жақында орындалып қалар. Негізі мен ел танымайтын жас әншілерге көбірек көмектесемін. Сөзді тегін жазып беремін.


– Аға буын өкілдерінен кімдерді сүйіп оқисыз?

– Негізі барлық ақындарды жібермей оқуға тырысамын. Ал сүйіп оқитындарға келсек, жырауларды, Дулат Бабатайұлын, Абайды, Мағжанды, Қасымды, Мұқағалиды, Кеңшілікті, Фаризаны, Есенғалиды, Несіпбекті, Жүрсінді, Ұлықбекті, Тыныштықбекті, Жанат Әскербекқызын, Маралтайды, сосын қазіргі жастардан Қалқаман Саринды, Танагөз Толқынқызын, Дәулеткерей Кәпұлын, Алмас Темірбайды. Ең сүйікті ақыным ─ Жұматай Жақыпбаев. Менің өлең жазуыма әсер еткен де Жұматай!


– Сіздерден кейін жас ақындар тобы қалыптасып келеді. Кімдерді ерекше айтар едіңіз?

– Ерлан Жүністі, Ұларбек Дәлейді, Ұларбек Нұрғалымды, Бақытгүл Бабашты, Рахат Абдрахмановты, Салтанат Смағұлованы, Бауыржан Әлқожаны, Қуаныш Медеубайды, Мирас Асанды, жас ақын қыздардан Гүлсара Шалқарды, Құралай Омарды, Назгүл Бердіқожаны. Өскемендегі Азамат Тасқарадан, Тараздағы Табиғат Абайділдаев, Наурызбек Саршаев деген жастардан болашақта үлкен үміт күтемін. Көбі есіме түспей отыр. Айтылмай қалғандары өкпелемесін.


– Ақын ретінде шабыт дегенге кеңірек тоқталыңызшы?

– Шабыт дегенді тек шығармашылық адамы ғана түсінеді. Оны тілмен айтып жеткізу мүмкін емес. Ол шығармашылық адамына Алланың берген ерекше қасиеті.


– Сіздің шабытыңыз қай кезде келеді?

– Додалы айтыстарда немесе мықты өлеңді оқығанда қатты шабыттанамын.


– Әңгімеңізге рахмет!