2012-09-01

Оразалы – Қасым, Мұқағалилар сияқты тағдырлы ақын

Оразалы – Қасым, Мұқағалилар сияқты тағдырлы ақын
– Серікзат аға, Оразалымен таныстығыңыз қашан басталған еді?

– Ең алғаш Оразалыны 1993 жылы айтыс сахнасында көрдім. Ол уақытта Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да бірінші курстың студенті едім. Ұмытпасам көктемде болуы керек, Алматы қаласында республикалық айтыс өтті. Ол кезде Нарынқолдан келген мектеп оқушысы Оразалының есімі әлі айтыссүйер көпшілікке таныс емес болатын. Сол жолы Абаш Кәкенов бастаған бірнеше ақынмен керемет айтыстар жасады. Ораз күзде қазіргі Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетіне оқуға түсті. Сөз саптауы бөлек, өзі әнші, өзі туабітті актер, қара тілдің шешені қаршығадай қара баланың сыртынан қарап сүйсініп жүрдік. Кейін жас ақындардың бір кездесуінде танысудың сәті түсті. Оразалы танысқан адамына бірден ақтарылып сөйлей бермейтін. Ал бір шешілсе шежіре шешендерше көсіліп кететінін көзіміз көрді. Күлдіргі әңгімелерді өте көп білетін жігіт еді. Және соны өзі нақышына келтіріп айтқанда көзімізден жас аққанша күлдіретін.

1999 жылы Оралхан Бөкеевтің айтысына Өскеменге бардық. Қонақүйге орналастырғанда Дәулеткерей Кәпұлы екеуміз бір бөлмеге, ал Оразалы көрші нөмірге түсті. Кеш бата біздің бөлмеге келген ол елді жинап алып небір күлдіргі әңгімелерді айтты. Бұрынғы ақындардың қызықты айтыстарын, өзі ойдан шығарған интермедияларды домбыраға қосып орындағанда айызыңды қандыратын. Содан кешкі бес-алтыларда басталған отырыс біразға созылды-ау деймін. Мен бір шаруаларыммен қалаға шығып кетіп, түнгі екі-үштерде қайтып келсем, Ораз ортада әлі жырлап отыр. Ел қыран-топан күлкіге көмілген. Оның сөзді ойната білуі, қазақтың ұмытылып қалған сөздерін қолдануы, сөздің мәйегінен май тамызатыны жағынан мықтылығына таңқалатынбыз.


– Айтыс сахнасында екеуіңіздің бастарыңыз қашан тоғысты?

– Айтыс сахнасында Оразалымен 1996 жылы кездестім. Ол кезде үлкен айтысқа жіберу үшін жергілікті айтыскерлерді бір-бірімен айтыстырып, алдын-ала іріктейтін. Жамбылдың 150 жылдығына арналған Алматы қалалық іріктеу айтысында екеуміздің жолымыз түйісті. Бірінші айналымда екеуміздің алған ұпайымыз да, шама-шарқымыз да қатар болды. Қазылар алқасы екеуі жақсы айтысты деп “Қазақконцерттің” үлкен залында өткен екінші кезеңде екеумізді қайта айтыстырды. Жамбылдың тойына баратын жалғыз жолдама сол жолы жасындай жарқылдаған Оразалыға бұйырды.

Оразалының тілінің тікенегі бар еді ғой. Сол жолы халықты күлдіріп, маған құрдас ретінде қалжыңдап көп теңеулер айтты. Кейін де көп айтысқа бірге қатысып жүрдік. Есімде қалғаны 2000 жылғы Аңырақай шайқасының 270 жылдығына арналған айтыс. Ораз өзбекстандық Бөрібай Оразымбетов деген ақынмен жұптасыпты. Оразалы менен келіп: «Осы қасқырлар есектің етін жақсы көрмей ме?» деп сұрады. «Ия, жақсы көреді. Оны неге сұрадың?» дегенімде: «Айтыста көресің» деп күлді де кетіп қалды. Бір кезде қарасам:

Еу, Бөрібай,
Берейін жағдайыңды болжап қазір,
Жігіттің жақсылары ел жақта жүр.
Өзбектердің есегі көп болған соң,
Қазақтың бөрілері сол жақта жүр,
– деп соғып отыр.


– Ол кісінің жазба ақындығы жайлы не білесіз?

– Жалпы Оразалы жазба поэзияға бел шешіп кіріскенде біраз биікті бағындыратын мүмкіндігі бар еді. Көп уақытын айтысқа берді де жазбамен кәсіби тұрғыда айналысқан жоқ. Дегенмен оның біраз өлеңдері кейін баспасөз беттерінде жарық көрді. Ол кәдімгі қазақтың қара өлеңінің стилінде жазатын. Тоқсаныншы жылдары батыс мәдениеті деген сылтаумен поэзияға мағынасыздық сыналап еніп, түсініксіз өлеңдер көбейіп кетті ғой. Сол шақта Оразалы марқұм «уақыт өте бәрі қара өлеңге қайта оралады ғой» деп жүретін. Соның айтқандары келіп, бүгін ақындардың бәрі қара өлеңге қайтып жатыр.


– Оразалы айтыста неге бағаланбады деп есептейсіз?

– Мен оны бағаланбады дегенмен келіспеймін. Әрине кейбір айтыстарда қазылар тарапынан аяғынан шалған кездер болды. Бірақ ол халықтың Оразға деген махаббатын арттырмаса кеміткен жоқ. Егер оның өнерін көлікпен есептейтін болсақ, өзі өмірден кеткен күні сөзі де бірге өлетін еді. Ораздың өлеңі дүниемен бағаланбайды. Оның өлеңі ешқашан өлмейтін сөз. Оның бір айтысы мың көліктің бағасынан асып түседі. Міндетті түрде мемлекет тарапынан кеудеңе медаль тағу немесе астыңа көлік мінгізу– бағалау болып есептелмесе керек. Ораздың бағасы халықтың жүрегінде. Одан артық не керек? Оразалы – Қасым, Мұқағалилар сияқты тағдырлы ақын ғой. Ал қашанда шын талантты ақындар өз заманында бағаланған емес. Сондықтан Ораздың шынайы жұлдызы жарқырайтын кез әлі алда. Өз басым Оразалыны құр сөзбен культ жасауға қарсымын. Оның бағасын биіктету үшін айтыстарын ғылыми тұрғыда зерттеу керек. Таңдамалы дүниелерін кітап қылып, аудио, видео дискі қылып шығару қажет. Сонда ғана оның тұлғасы асқақтайды.


– Оразалының адамдық тұрғысынан қай қасиетін жоғары бағалайсыз?

– Ол шынайы өнерге жанашыр болатын. Жастардың талантын тани білетін. Қазіргі жас ақындардың біразын айтысқа ертіп әкеліп қосқан да Оразалы еді. Достыққа адал болатын. Сосын үнемі ізденісте жүретін қасиеті оның бүгінгі биікке шығуына ықпал етті деп ойлаймын.