2012-08-01

Зинақорлыққа барғаннан некелеп екі әйел алған дұрыс

Зинақорлыққа барғаннан некелеп екі әйел алған дұрыс
Серікзат, сұхбатымызды туып өскен жеріңізден бастасақ…

– Мен Шығыс Қазақстан облысы Аягөз ауданы, Тарбағатай ауылында дүниеге келгенмін. Туған жерім таулы аймақ болғандықтан тамылжыған әдемі табиғаты бар өлке. Мұқағали Мақатаевтың «Аягөз деген аядай бұлақ деседі» деген атақты өлеңін біздің ауылға келгенде жазған екен. Себебі, Аягөз өзенінің басы мен туған Өкпеті тауының баурайындағы мыңдаған бұлақтардан бастау алады.


– Ата-анаңыз жайында айта отырсаңыз?

– Әкемнің аты Мақсұт, анамның аты Сажида. Ата-анамның айтысатын, өлең жазатын қасиеттері жоқ. Тек айтыстың мықты тыңдаушылары ғана. Менің Гүлсім атты үлкен әжем, яғни атам Дүйсенғазының әкесі Қасым деген бабамыздың бәйбішесі ақпа ақын кісі болған екен. Ол кісі Түбек, Сабырбай, Әріп ақындар бастаған атақты «Сыбанның он жеті ақынының» қарындасы болған көрінеді. Төрт баласын ертіп жүріп той-томалақтарда елмен айтысып өнер көрсетеді екен. Бірақ немерелерінің ешқайсысына бұл өнер қонған жоқ. Домбыра тартып, ән айтатындары болғанмен ақындық қонбады. Ал шөберелерінен ақындық өнер маған ғана дарыды.


– Отбасында нешінші баласыз?

– Негізінен, анамыз он құрсақ көтерген екен. Соның қазір сегізі бармыз. Барлығы үйлі-баранды болып отыр. Бір әпкеміз кішкене кезінде шетінепті, Ерзат деген ағамыз менің бала кезімде қайтыс болды. Өнерпаз, жарқырап тұрған жан еді. Ол кісінің кейінгі уақытқа дейін үйде баяны мен домбырасы сақтаулы тұратын. Ағам ұлдың тұңғышы еді. Мен сол кісіні қосқанда алтыншысымын. Домбыраны оныншы сыныпта оқып жүргенде өздігімнен үйреніп кеттім. Қолым қалт етсе үйдегі ескі домбыраны сабалай беретінмін. Оның алдында өлең шығаратын қасиетім болды. Жай ғана сыныптың қыздарына, үйдегі бауырларыма арнап қалжың өлең шығарып жүретін едім. Сексенінші жылдарда теледидардан берілетін айтыстарды қатты қызығып көретінмін. Айтысқа бала кезімнен құмар болдым. Алғашында мектепте өтетін айтыстарға домбыра тарта алмағандықтан қатыса алмай жүрдім. Адам өзі неге құмар болса, соны үйренуге қабілеті жетеді екен. Уақыт өте келе өздігімнен мектептің оркестрінің күйшісі болдым.


– Қай жоғары оқу орнын бітірдіңіз?

– 1992 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің филология факультетіне түстім. Менің бағыма орай, мен түскен топта қазақтың қазіргі танымал ақындары оқыды. Біздің тобымызда Мұхамеджан Тазабеков, Назира Мәдішова, Алтынбек Құрманбаев деген айтыс ақындары болды. Бір топта төрт бірдей ақын оқыдық. Апта сайын айтысып, арқа-жарқа болып жататынбыз. Сол кезде «Алаш аруы» болған Ләззат Ахатова да біздің тобымызда оқитын еді. Бізден жоғары курста сол кездегі аты дүрілдеп тұрған айтыскер Серік Қалиев, төменгі курста Балғынбек Имашев, Дәулеткерей Кәпұлы оқыды. Міне, осындай мықты ортадан түлеп ұштық қой.


– Республикалық айтысқа қай жылдары шықтыңыз?

– Ең алғаш Ақсуат деген өңірде би Боранбай бабамыздың айтысы болды. Сол жерде сахнаға шықтым. Кейіннен 1995 жылы Абай атамыздың тойының шет жағасына қатыстық. Ал 1996 жылы Жамбыл атамыздың тойына белсеніп қатыстым. Сол кезден бастап облыстық айтыстарда жүлделі орын ала бастадым. Ол кезде республикалық айтысқа шығу үшін ауданнан, одан кейін облыстық айтыстан жеңімпаз болуың керек болатын. Республикалық айтысқа арнайы жолдамамен ғана қатыса аласың. Біздің бағымызды жарқыратқан әуелі Алла, одан кейін Жүрсін Ерман ағамыз болды. 1997 жылдан бастап Жүрсін ағамыз біраз уақыт тоқтап тұрған телеайтысты қайта қолға алып, сол лекке біз де ілігіп кеттік.


– Алған жүлделеріңіз күнкөрісіңізге септігін тигізе ме?

– Жоқ, жүлде деген шартты нәрсе ғой. Белгілі бір деңгейде қажетіңе жаратуың мүмкін. Бірақ айтыстан байыған ақынды көргенім жоқ. Ол жөнінде заманында халқының еркесі болған атақты Шашубай ақын:

Ақ қайың, қызыл қайың, сырлы қайың,
Баласы Қошқарбайдың Шашубаймын.
Күніне мыңды алып, жүз берсем де,
Қалтамның түбі тесік байымаймын, – деген ғой. Сол айтпақшы, айтыс ақындарының көбінің қалтасы тесік. Өздерінен артылса әке-шешелеріне, ауылдағы ағайын-туыстарына қарасып жатады. Дегенмен айтыс ақындарының ішінде ауқатты, жағдайы жақсы тұратын ақындар да жоқ емес. Олардың белгілі қызметтері, сауда-саттығы бар. Айтыс баюдың, мал табудың көзі дегендер қателеседі.


– Отбасын қашан құрған едіңіз?

– Мен өзім кешірек үйлендім. Жиырма сегіз жасымда. Оқуды бітіргесін ҚазҰУ-дағы Студенттер сарайы директорының орынбасары қызметін атқардым. Екі-үш жылдай істеп жүрдім де, 2002 жылы Астанаға Еуразия ұлттық университетіне Мырзатай Жолдасбеков ағамыздың қол астына қызметке бардым Сол жақта жүріп үйлендім. Аружан атты қызым, Әлихан атты ұлым бар. Академик Рымғали Нұрғалидың жетекшілігімен кандидаттық диссертация қорғадым. Аманжол, Балғынбек, Айбек, Дәулеткерей, Жібек барлығымыз Рымғали ағаның шәкірттеріміз. Рымғали аға шәкірттерінің балаларына Алаш арыстардың есімін қойғанды жақсы көретін. Менің ұлымның атын Әлихан деп қоямын деп жүрген. Ұлым дүниеге келгенде атын сол кісі қойды. Жарымның аты – Айнұр. Екеуміздің арамызда сегіз жастай айырмашылық бар. Маған тұрмысқа шыққан кезде ол Көлік және коммуникация академиясында студент еді. Мамандығы – инженер-электрик. Қазір Еуразия ұлттық университетінде радиоэлектроникадан сабақ береді.


– Екеуіңіз махаббатпен,сүйіспеншілікпен үйлендіңіздер ме?

– Мен жиырма алты жасыма дейін Алматыда болдым ғой. Жасыратыны жоқ, үйленгенге дейін біраз серілік құрдық. Әрине, бір-бірімізді сүйіп қосылдық. Екеуміздің ортамызда махаббат болмаса отбасы құрылмайды ғой. Біз ақын болған соң той-томалаққа көп барамыз. Сондай бір үлкен тойда Астанада танысып қалдық. Бір көргеннен ғашық болып қалдым деп айта алмаймын. Алғашында ажарлы қыз назарымызды өзіне аударды. Ары қарай байланысып, араласып тұрдық. Алланың бұйрығы шығар.


– Алғашқы махаббат болды ма?

– Мектеп кезінде болды ғой. Қандай қыз жақсы оқыса, соған ғашық болатын едік қой. Балалық сезім. Ал шынайы махаббат сезімдері жоғары сыныпта жүрген кезде ғана пайда бола бастады. Студенттік кезімде басымнан өткен махаббатымды айтып берейін. Оны менімен оқыған қыз-жігіттердің бәрі біледі. Бірінші курсқа түскеннен кейін бәрімізді Қордайға алма теруге алып барды. Сол жерде сексен бес қыздың ішінде он екі жігіт болдық. Қыздар көп болғаннан кейін махаббаттың көкесі сол жерде басталды. Сол жерде кереметтей бір ару қызбен таныстым. Кәдімгідей ғашық болдым. Ол орыс тілді қыз еді де, ал мен ауылдан келгендіктен орысшаға шорқақ болдым. Жаңағы қызға көп көмектесетінмін. Жасыратыны жоқ, ауқатты адамның қызы болғандықтан шығар, маған көңіл аударған жоқ. Ол махаббат сонымен бітті. Ол кезде біздің осындай халге жетерімізді білген жоқ қой (күліп).


– Қазір айтыста негізінен жас буын қалды. Бұған көзқарасыңыз қандай?

– Менің ойымша, айтыста үлкен буынның жүргені жақсы еді. Олар айтыстың кәсіби деңгейі енді көтеріліп қалғанда кетіп қалды. Екіншіден, бұл ақындар бұрынғы ақындардың сарқытын ішкен жандар еді ғой. Айтысқысы келмегендері, мүмкін, қазіргі айтыс шарттарының өзгеріп кеткендігінен шығар. Бұрынғылар бір тал гүл немесе мақтау қағазына айтысса, қазіргілер машина немесе үйге айтысатын болды. Жақында Алматыда ретро айтыс өтті. Соған қатысқан үлкен ақындарымыз айтыстың сипатының қаншалықты өзгергенін байқаған шығар деп ойлаймын. Аманжол мен Ринаттың айтыстан кетеміз дегені де қазір елді біраз алаңдатып қойды. Аманжол енді тек жекпе-жек айтыстарға шығамын деп жүр. Ал Ринат ойланып айтысқа қайта келетін шығар деп ойлаймын.


– Өнердегі ұстаз, шәкірттеріңіз жайында не айтасыз?

– Мені өнерге тәрбиелеген ұстаз болған жоқ. Университетте жүргенде айтыскер ақын Серік Қалиевтің қасында жүрдім. Сол кісіден біраз нәрсе үйрендім деп айта аламын. Ал ғылымдағы ұстаздарым Тұрсынбек Кәкішұлы, Рымғали Нұрғали сияқты майталмандар. Қазір академик Сейіт Қасқабасовтың жетекшілігімен ғылыми жобалармен шұғылданып жатырмыз. Докторлық диссертациямның жетекшісі алаштанушы, профессор Дихан Қамзабекұлы. Астанада студент жастардан құралған «Топжарған» атты жас айтыскерлер үйірмесіне жетекшілік етемін. Ол үйірмеден Жандарбек Бұлғақов, Мейіржан Әлібеков, Мейірбек Сұлтанхан, Жақсылық Орынбасар, Сырым Әуезхан, т.б. сияқты біраз талапты жастар тәрбиеленіп, айтыстарға шығып жүр.


– Басқа қандай өнерлеріңіз бар?

– Өлең жазамын. Поэзияны жаным сүйеді. Әсіресе лириканы. Ән мәтіндерін де жазып тұрамын. Мейрамбектің, Кенжебектің, Медет пен Клараның, т.б. әншілердің ән қоржындарында менің сөздерім бар. Жақында сазгер Халықберген Әбілжанов екеуміз бір әнді Тоқтар Серіковке ұсындық. Жақында тыңдап қаларсыздар. Сосын шама-шарқымша домбырамен ән салатыным бар.


– Екі әйел алуға көзқарасыңыз?

– Менің ойымша, екі әйел алу керек. Неге дейсіз ғой? Себебі, бұл біздің ата дәстүрімізге де, шариғатқа да қайшы келмейді. Бізде Кеңес Үкіметі орнағанға дейін екі әйел алу, әмеңгерлік деген салттар болды ғой. Ол қоғамның дұрыс дамуын реттеп отыратын ұлтымыздың жазылмаған заңдары еді. Көп әйел алуға қазір бізде тек заң рұқсат бермей отыр. Оған себеп, баяғы әйел теңдігі деген заңның аясынан шыға алмай отырмыз. Мүмкін, Үкіметтің дәті жетіп, тастанды балалар мен кәрі қыздар болмасын деген пікір қалыптасса, бұл мәселені шешуге болады. Әйелінің көзіне шөп салып, зинақорлыққа барғаннан шамасы жететін ер азаматқа некелеп екі әйел алған дұрыс.


– Қазір қайдасыз? Немен айналысасыз?

- Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ-де қазақ әдебиеті кафедрасының доцентімін. Шілде айының басында Мәдениет және ақпарат министрлігінің құрамынан айтыс бөлімі ашылып, бөлімге Жүрсін Ерман басшы болып тағайындалды. Сол жерде мен Жүрсін ағаның штаттан тыс көмекшісі және кеңесшісімін. Ақ ордада жыл сайын жас ақындардың айтысын өткізіп тұрамыз. Мемлекет тарапынан көңіл бөлінген соң ісіміз бұдан ары жандана түсер деген сенімдемін.