2014-09-01

Жүсіпбек көтерген мәселелер әлі де өзектілігін жойған жоқ

Жүсіпбек көтерген мәселелер әлі де өзектілігін жойған жоқ
– Жүсіпбек Аймауытовтың публицист ретіндегі алғашқы еңбегіне тоқталсаңыз…

– Жүсіпбек Аймауытов өз шығармашылығын алғаш өлең жазудан бастаған. Кейін газет-журналдарға мақала жазуға машықтанған. Қаламгердің өзі: «Ең алғаш басылған сөзім – 1913 жылы болса керек, бір ақымақ алыпсатар болыс болам деп, елге бір мәсте шай апарып, елдің болыс қоямыз деп, шайларын алдап алып, бой қайтқанын жазып едім. Бұл хабар «Қазақ» газетінде басылды. Сол хабардың басылуы қалам ұстауыма үлкен себеп болды», – деп жазады. Ендеше публицист ретіндегі алғашқы қадамы осылай басталса керек.


– Cемейде «Абай» журналында, Ташкентте «Ақ жол» және «Қазақ тілі» газеттерінде қызмет атқара жүріп, қандай мәселелерді көтерді?

– Жүсіпбек Аймауытов сан қырлы талант иесі. Сол кездегі қоғамның қаны тамшылаған ең өзекті мәселелері мақалаларына арқау болды. Ол «Абай» журналында, «Кедей таңы», «Ақжол», «Қазақ тілі» газеттерінде қызметі істеген жылдарында публицистикалық мақалалары үзбей жарық көріп тұрды. Бүгінге дейін өзектілігін жоймаған өткір мақалаларының қатарына «Қазiргi саяси хал», «Қазiр екi нәрсе керек», «Ұлтты сүю», «Жастар кiм?», «Қазақ тiлiн iске асыру қамы» сияқты публицистикалық еңбектерін жатқызуға болады. Тіпті олар қазіргі уақытқа дейін күн тәртібінен түспей келе жатыр десе де болады. Жазушының әдеби-сын мақалалары да ұлттық әдебиетіміздің өркендеуіне қызмет етті. Мәселен, 1918-1919 жылдарда Семейде «Абай» журналын шығарып, М.Әуезовпен бірге» «Екеу деген бүркеншік атпен жазған, «Абайдың өмірі және қызметі» (1918, №2), «Абайдан кейінгі ақындар» (1918, №3) деген мақалалары «Абайтану» ғылымына қосылған үлкен үлес деп айтуға болады. 1925 жылы тағы бір ұлы ақынымыздың шығармашылығына айрықша баға беретін «Мағжанның ақындығы туралы» деген мақаласының ұлттық әдебиеттану ғылымында маңызы жоғары. Жүсіпбек – әдебиеттен басқа театртануға, музыка мен өнер тарихына байланысты көптеген мақалалар жазған қаламгер.


– Оның өткір мақалалары сол кездегі қоғамға қалай әсер етті?

– Семейде семинарияда оқып жүрген кезінде де сол қалада шығатын «Сарыарқа», «Алаш» газеттеріне, «Абай» журналына мақалалары жарияланып тұрды. Жүсіпбектің Алашорданы қолдап жүрген кезінде большевиктерге қарсы жазылған мақалалары да бар. Олар да осы «Абай» журналында, «Сарыарқа» газетінде жарық көрген. 1923 жылы «Қазақ тілі» газетінде жарық көрген «Тілшілерге» деген мақаласында газет-журнал қызметкерлерін ұсақ әңгімелерді қозғамай, ел ішіндегі басты мәселелерді жазуға шақырады. Арасында қалыңмал, әйел бостандығы сияқты қазақ ішінде қалыптасқан ескі көзқарастарды жою туралы да идеясын ашық айтады. Жүсіпбектің мақаларының негізгі өзегі елді өнер-білімге шақыру, ауылдағы елдің тұрмысын түзеу, халықтың мәдениетін көтеру сияқты мәселелерді көтерді. Әрине ол қоғамға өз әсерін берді айтуға болады.


– Жүсіпбек Аймауытовтың редакторлық қызметінде «Алаш идеясының» рөлі қандай болды?

– Алашорда үкіметінің қызметіне белсене араласқан кезеңі 1917-1919 жылдарға сәйкес келеді. Бұл уақытта ол М.Әуезов, Қ.Сәтбаев сияқты ұлт зиялыларымен қатар Семейдегі мұғалімдер семинариясында оқып жүрген кезі еді. Біздің білетініміздей, Алаш идеясының негізгі ұстанымдарының бірі «Абайдың рухымен жарақтану» (Ә.Бөкейхан) болса, осы идеяны жүзеге асыру жолында Жүсіпбек Аймауытов Мұхтар Әуезовпен бірігіп «Абай» журналын шығаруға атсалысты. Тіпті сол журналдың атауын ұлы ақынның атымен атауды да ұсынған Жүсіпбек болатын. Өзінің «Абайдың» бірінші санында (1918) басылған «Журнал туралы» деген мақаласында «Өнер тап, оқы, харекет қыл, тәрбие ал, ынсапты бол, адал бол деп қақсап өткен Абайды. Халықтың қамын же, адам баласын бауыр тұт, адамшылыққа қызмет ет деген Абай болатын. Өмір жолында Абайдың айтпағаны аз» деп жазды. Осы арқылы ол бүкіл Адаш идеясын ұстанған азаматтарды қай жағынан болсын ұстаз тұтып, шәкірт болуға шақырады. Жүсіпбектің Алаш идеясын қолдаған басқа мақалалары да осы жылдары «Сарыарқа» газетінде жарық көріп тұрды.


– Жүсіпбек Аймауытов публицистикасының басты ерекшелігі неде?

Жүсіпбек Аймауытов көсемсөзінің басты ерекшелігі – халықшылдығында. Ол не жазса да халқының, ұлтының ертеңі үшін қажетті дүниелерді қаламына серік етті. Оның қаламынан туған дүниелер көркемдігі келіскен, оқыған адамның көкейіне ой салатын мақалалар еді. Ол баспасөз саласында жүріп проза саласының газеттік жанрларының дамуына үлкен үлес қосты. Шағын эсселер, суреттемелер, оқшау сөз, шағын әңгіме деген жанрлардың қазақ әдебиетіне қосылуы осы Жүсіпбектерден басталады.


– Бүгінгі таңда көсемсөз шеберінің еңбектері толық жинақталып болды ма?

– Еліміз тәуелсіздік алған жылдары М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының ғалымдары Жүсіпбек Аймауытовтың шығармаларын жинап, жарыққа шығаруда белсенді еңбек етті. Бұл салада академик Серік Қирабаев бастаған ғалымдарымыздың еңбегін ерекше айту қажет. Сол жылдары жазушының бес томдық еңбектері жарық көрді. Қазір Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде жүсіпбектанушы, профессор Рақымжан Тұрысбек те өз шәкірттерімен осы салада ғылыми жұмыстар жүргізіп жатыр. Белгілі ғалым, көсемсөзші Намазалы Омашұлының жетекшілігімен «Алаш көсемсөзінің» 10 томдығы жарық көрді. Бірақ мұнымен барлығы толық жинақталды деп айтуға болмас. Әлі де іздестіріліп, зерттеліп жатыр. Еуразия ұлттық университетінің жанында алаштанушы ғалымдар Дихан Қамзабекұлы, Сұлтанхан Аққұлұлы бастаған ғалымдар бұл салада тынбай еңбек етіп келеді.


– Публицист 1918 жылы «Абай» журналында жарық көрген «Ұлтты сүю» мақаласында туған халқын игі бастамаларға, еңбек пен білімге шақырды. Жүсіпбектің жанайқайынан кешегі һәм бүгінгі қазақ қандай нәтиже шығарды?

– Бұл мақаланы Жүсіпбек өз заманының оқыған қазағының оғаш қылығын көріп, қынжылғаннан жазды. Сол кездің өзінде ұлтты сүюдің үлгісін Германия, Жапония, Англия, Түркия сияқты бүгінде дамуы көш ілгері елдерден алуға шақыруы ойланарлық жағдай. Осыдан бір ғасыр бұрын Жұсіпбек Айтмауытов көтерген мәселелер әлі де өзектілігін жоған жоқ. Өз басым осы мақаланы оқып отырып, дәл қазіргі қазақты көргендей боламын. Сонда біз бір ғасырдан аса уақытта әлі нәтиже шығармаған екенбіз. Сол кездегі қазақтың баланы оқытқанда ұлтына қызмет етуге емес, дәрежеқұмарлыққа, мақтансүйгіштікке, қулық сауғанға тәрбиелеуі әлі де бар ма? Бар. Қалтасында ақшасы көп қазақтың ауылдағы қара қазаққа қарайласпайтыны рас па? Рас. Қазақтың мәдениеті мен тіліне мұрын шүйіріп, баласын орыс мектебіне беріп жатқандар бар ма? Бар. Біз бұл әдеттен тез арылған жағдайда ғана әлемдегі мықты державалардың қатарына қосыламыз. Жүсіпбектің өз сөзіне кезек беріп көрейікші: «Естеріңізде болсын: қара халықтың мәдениетті болуынан мәдениетті кісінің қазақ болуы қиын, баласына осы бастан ұлт рухын сіңіріп, қазақ өміріне жақындатып тәрбиелеу керек. Орыс тәрбиесін алған бала ұлт қызметкері бола алмайды».

Сөз соңында, ұлт үшін қызмет еткен, сол қасиетті жолда құрбан болған ұлы жазушының осы сөзінен нәтиже шығаратын ұлт болуға талпынғанымыз жөн дегім келеді.