2014-08-01

Көкдөнен көңіл заулайды аңсарым ауса

Көкдөнен көңіл заулайды аңсарым ауса
Кеудеден төгілген кәусәр жырларымен, артына қамшы салдырмай құйындай шапқан қазақтың аузы дуалы ақындары қашанда жүйріктердің жүйрігі екені даусыз. Шабандоз шыңына шығып, бұрқанған сезімге ерік берген ақындарға қандай мақтау айтсақ та жарасып-ақ тұрады. Кей кездері олардың көзімізге үнемі бітімі бөлек сәйгүлік тұлпарларды мініп жүргендей елестейтіні тағы бар…

Біз бүгін сол небір жүйріктердің ізін қуып, тарландай оза шапқан ақындар әулетінің ұрпағымен әңгіме құрмақпыз. Белгілі айтыскер ақын, филология ғылымдарының кандидаты, республикалық айтыстардың жеңімпазы Серікзат Мақсұтұлы Дүйсенғазымен болған сұхбатымызды назарларыңызға ұсынамыз, ендеше.


– Серікзат Мақсұтұлы,әңгіменің төркінін күрделі ой еңбегіңіздің жемісі саналар шығармашылық турасынан бастағанды жөн көріп отырмыз. Өзіңіз білесіз жырмен сусындатып, отты өлеңмен халықтың жүрегіне жете білу оңай емес. Дегенмен, оқырмандарыңызға өлеңдеріңіздің мазмұны мен идеясын жеткізуде басты кезекте нені көздейсіз?

– Менің түсінігімде өлең деген ерекше бір тылсым нәрсе. Ол ешқандай түсіндіруді қажет етпейді. Өлең ол – бір сәттік көңіл күйдің көрінісі, кісіге Алла Тағаланың құдіретімен адам бойынан төгілетін шығармашылық күй. Егер жүрегіңнің түбінен шыққан өлеңді халық жылы қабылдап жатса, ақын ретінде одан үлкен құрмет жоқ. Менің өлең жазған өлеңдерім келесі бір жанға ұнап жатса, демек ол да дәл мендей күйді басынан кешкені деп түсінемін. Мәселе осында. Оқырмандардың талғамы әртүрлі. Кейбір оқырмандар махаббат лирикасын, ал бәзбіреулері философиялық лириканы және т.б. оқығанды ұнатып жатады. Көпшіліктен не себептен мұңды өлеңдер жазатыным туралы жиі сұрақтар қойылады. Негізі бұл менің шығармашылығымның бір бағыты ғана, басқа тақырыптарда да туындыларым дүниеге келіп жатыр. Жалпы лириканы жақсы көрем. Көп жағдайларда табиғат, махабат лирикаларына тән өлеңдер жазатыным содан болар. Өмірдің болған соң ақынның мұңайған сәтте туған шығармаларының болуы заңды. Тіршілікте барлығы соншалықты жақсы болып, жайнап тұрса кезінде ұлы Абай философиялық ой қозғамас еді, Мағжандай қайсар ақын «Сұм өмір абақты ғой саналыға» деп зарламас еді ғой. Бірде ақын досым Қалқаман Сариннен жастар жалғыздық туралы мұңды өлеңдерді неліктен көбірек жазатыны жөнінде білгілері кеп сұрапты. «Сіз өмірде жалғызсыз ба?» дейді ғой баяғы. Сөйтсе Қалқаман: «Жоқ, өлең жазып отырған сәтте ғана жалғызбын» деп жауап беріпті.


– Сіз бір сөзіңізде поэзиямен діңгегі бір болғанымен, жапырағы бөлек өнерге, яғни айтысқа кеттім депсіз. Бүгінде қазақтың табиғатымен біте қайнасқан айтыс өнері жайлы бұлай ой қорытуыңызға себеп неде? Әлде халықтық дәстүр болғандықтан ба?

– Қоғамда поэзия мен айтысты бақталастырып, салыстыратындар бар. Поэзия әлемдік деңгейдегі бекзат өнер, саф өнер, ол адам жаралғаннан бері келе жатыр. Абай айтқандай, «дүниенің есігін ашқан» өлең. Ал, айтыс өнері түркі халықтарына, рның ішінде қазақ пен қырғызға ғана тән. Біздің қанымызбен жаралып, рухымызбен таралған дәстүрлі, синкретті өнер. Айтыс – ақындықтан бөлек театрмен тығыз байланыста, яғни, үлкен сахналық шеберлікті талап етеді. Оған қоса домбырашылық пен әншілік қасиетті қатар игеруің қажет. Енді осыларды қалай салыстыруға болады? Поэзия мен айтыс өнерін салыстыруға өз басым қарсымын. Екі өнерді алып қатар жүргеніммен, көп уақытым айтысқа арналды. Себебі, айтыскер ақындар әулетінің жалғасымын, ата-бабаларым айтыс ақындары болған. Айтыс жанрына жазба поэзия арқылы келдім. Ал поэзия «махаббатпен басталып, парасатпен аяқталады» деген ұстанымның мен үшін орны бөлек.

Ұлттық өнердің аса құнды мәйегі саналған айтыс өнері жайында көптеген ғалымдарымыз зерттеп келді. Кейбір деректерге сүйеніп қарайтын болсақ, айтыс өнері есте жоқ ескі замандарда қалыптасқан және халық ауыз әдебиетінің бір саласы болған. Заманының дүлдүлдері Сүйінбай, Біржан, Жанақ, Шөже, Кемпірбай, Құлмамбет, Сара сынды саңлақтар кезінде қоғамның келелі мәселелерін ашып айтқан. Осылайша атадан балаға мұра боп жеткен айтыс жайындағы бүгінгі кейбір зиялыларымыздың түсінігі төмен болғанына қынжыламын. Кеңес Одағы кезінде құлдыраған өнер тәуелсіздігімізбен бірге қайта түлеп, халықпен қауышып жатқан тұста арзан ойдың жетегінде кету меніңше, дұрыс емес.

Қазіргі айтыстың даму деңгейі жайлы айтсақ, технология дамыған заманда айтыс әлі баяғы қалпынша өмір сүріп жатыр. Баяғы ақындар, баяғы көрермен, өткір өлең, қоғамның қордаланған мәселелері ешқашан таусылмайды. Бір атап айтарлығы бұрынғы заманның айтыстарына қарағанда, қазіргі заманның айтыстарының таралуы оңай. Өйткені қазір эфиден жылт еткен айтыстың барлығын ел бағып отыр. Өрімдей жас ақындар кешегі алпауыт шайырлардан да танымал болып жатыр. Тек тағы бір қынжылтатын тұс – аға буын өкілдерінің айтыстан шеттеп қалуы. Кемеліне келген, білім-білігі толысқан, парасат биігінен сөйлейтін аға-апаларымыздың айтыстың додаларына атсалысып жүргені дұрыс еді. Кезінде Нартай, Кенен ақындар сексен, тоқсанға келгенше солай жүрді емес пе? Ал қазіргі айтыс өнеріне бет бұрған жас ақындардың көпшілігінде әлі албырттық басым. Сол себептен кей жағдайларда олардың адуындап айтқан өлеңдері айтыстың ары қарай ұйымдастырылуына зияны тиіп кетіп жатады. Шындықты айтудың да жөні бар. Шындық айттым екен деп шектен шығуға болмайды ғой. Кейде айтыстың жолы жабылып, кемшіліктері көрініп жатса, бұл мәселе өзіміздің ақындарға да тікелей байланысты ма деп ойлаймын. Айтылар шыншыл ой асқан шеберлікпен, «майдан қылшық суырғандай» астармен жеткізілгенде ғана тыңдарман көңілі марқайып, тұщымды ой түйеді. Кезінде Абай ақын қоғамның теріс қылықтарын үлкен парасат пен мәдениеттің биігінен жеткізіп кетті емес пе? Міне, тапқырлықтың, айта білудің үлгісі сол болуы тиіс. Ел ішіне іріткі тудырмайтын, айшықты ой, саналы сөз суыра отырып әдемі әзілін де айта білетін ақындарымыз көп болса екен деймін. Ал, ақиқат деген тек Алланың тарапынан болатын абсолютті ұғым. Ақиқаттың биігіне адам талмас ізденіспен, кемел біліммен ғана жетеді.


– Кез келген шығармашылық адамның жүрегіне жақын шоқтығы биік туындылары болады. Сіз шығармаларыңыздың қайсысын атар едіңіз? Болашақта әлемдік поэзияны жаулап алатындай жауһар дүниелер тудыру да ойыңызда бар шығар.

- Қазіргі уақытта ХІХ ғасырдағы қоғамның шындығын өзінің уытты жырларына арқау еткен ақын Дулат Бабатайұлының шығармашылығын зерттеп жүрмін. Бұл да шығармашылығымның бір парасы. Поэзияға келсек, менің балалық шағымды суреттейтін: «Түсімде түгіл өңімде бәйгені көрсем, Көкдөнен көңіл заулайды аңсарым ауса» деген өлең жолдарымен аяқталатын «Көк дөнен» деген өлеңім бар. Осы өлеңіммен республикалық мүшәйрада жүлделі болдым. Балалық шағым суреттелетін болғандықтан осы өлеңім жүрегіме жақын. Ал, айтысқа қатысты айтсақ, 1996 жылы Жамбыл атамыздың 150 жылдығына орай өткізілген облыстық айтыста жеңімпаз болғаным есімнен кетпейді. Сол жолы Алла оңдап, бас жүлдеге ие болдым. Одан кейін талай республикалық айтыстарда жеңімпаз болдық қой. Бірақ сол облыстық айтыстың мен үшін орны бөлек.

Жалпы әлемдік деңгейге көтерілуді аңсамайтын шығармашылық адамы кемде-кем шығар. Поэзияның биігіне шығуды аңсап, әлемде қаншама небір дүлділ ақындар бұл дүниеден өтіп кетті. Бірақ, олардың біразының бүгінде аттары да аталмай, сол күйінде ұмытылып қалып қойды. Өмірден өткен соң мойындалған ақындар да бар. Өз заманында Қасым да, Мұқағали да лайықты мойындалған жоқ. Мен сол абыздардан артық па екем? Бірақ «үмітсіз шайтан» деген тағы бар. Бәлкім бір биікке жетермін, шамам келгенше тырысырмын… Оны уақыт көрсетеді.


– Ақындық ортаға қалыптасу үшін не қажет деп ойлайсыз?

– Акындық орта қалыптасу үшін алдымен ақындар арасында ауызбірлік қажет. Шығармашылық адамдардың ортасында осы мәселе қиындау. Қазір Астанада ақындардың бір шоғыры қалыптасып келеді. Бұл қуанарлық жайт. Ауызбіршілік бар жерде, бақ-береке де қатар жүреді. Шығармашылығы елге жетіп жатқан ақынға одан артық қазына-байлықтың керегі жоқ..


– Сүбелі сұхбатыңызға рахмет!