2014-04-24

Өз басым әнге жазылған өлеңдерімді поэзиямнан бөліп қарамаймын

Өз басым әнге жазылған өлеңдерімді поэзиямнан бөліп қарамаймын
– Жыл жаңарып, жер көгере бастаған сәттегі перзент тілегі қандай?

– Иә, 22 наурыз күні Астанадағы «Қазақстан» орталық концерт залында шығармашылық кешімді өткізуді жоспарлап отырмын. Мені қалың көпшілік айтыс ақыны ретінде таниды. Айтыс бірегей ұлттық өнеріміз екенін білесіз. Сондықтан ұлттық өнердің өкілі ұлттық мерекеде кеш беріп жатса, жарасымды емес пе? Ал «Перзент тілегі» деген атауға келер болсақ, алдымен қазақ деген халықтың перзентімін. Екіншіден, мені өсіріп, ержеткізген жетпіске келген әке-шешем кешімнің төрінде отырады. Әнші-сазгер Заттыбек Көпбосынұлы екеуміз бірігіп жазған ата-анаға арналған осы аттас ән де бар. Оны Заттыбек пен Әсел Ергешқызы қосылып кеш барысында орындайды. Менің арманым да, тілегім де әлем картасынан ойып тұрып орын алған тәуелсіз Қазақ елінің келешегі жарқын болса екен деймін. Ұлы ағартушы Ахмет Байтұрсынұлы: «Алдымен тілегіңді қазаққа тіле, соның ішінде сен де барсың» деген.


– Ақын, айтыскер, ғалым Серікзат осы кешке қандай дайындықпен келді?

– Қарап отырсам, өнер сахнасында жүргеніме биыл жиырма төрт жылдың жүзі болыпты. Жасымыз да қырықты қырқалап қалыпты. Азды-көпті айтыстық. Бірде жеңдік, бірде жеңілдік дегендей. Бірақ ентелеп ешкімнің жолын кескен жоқпыз. Айтыста шамам келгенше бірнеше буын шәкірттер тәрбиеледім. Олардың алды қазір елге кеңінен танымал болды. Солардың бір тобы ертең кешімде менімен бірге өнер көрсетеді. Алғаш өлеңді жазып бастағандықтан, жазба поэзияны да қалдырмай қалам тартып келемін. Бірақ осы уақытқа дейін жеке жинағым жарық көрмепті. Сондықтын жазба өлеңдерімді жинақтап, баспаға тапсырып қойдым. Кеш барысында осы жинақтың тұсаукесері де болады. Сонымен қатар кеште лирикалық өлеңдерімнің бір парасы оқылады. Жақында «Мөлдіреген жанарың» деген атпен өзім мәтінін жазған әндердің аудиожинағы жарық көрді. Жинаққа «МузАРТ», «Бәйтерек», «Аламан» сияқты танымал топтар мен Досымжан Таңатаров, Заттыбек Көпбосынұлы, Қарақат Әбілдина, Клара Төленбаева, Роза Әлқожа, Жаңабай Өтегенов сияқты белгілі әншілердің орындауындағы әндер кірді. Ал ғылым менің қазіргі күнделікті өмірім десем де болады. Бұл салада монографиям мен оқулығым, қырықтан аса мақалаларым жарық көрген. Мен жұмыс істейтін Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің қазақ әдебиеті кафедрасында академик Сейіт Қасқабасов бастаған жетекші ғалым-профессорлар топтасқан. Солармен бірлесіп маңызды ғылыми жобаларды орындауға атсалысып жатырмыз. Осының бәрі түсінген адамға әжептәуір еңбек қой. Алла бұйырса, соның есебін береміз.


– Жазба поэзияда әр ақынның ел сүйсініп оқып, аузынан тастамай жүретін танымал өлеңдері болады. Сіз қай дүниеңізді оқырманға жетті деп ерекше бөліп айта алар едіңіз…

– Өз басым көп уақытымды айтысқа арнағандықтан жазба өлеңдерімді насихаттаған жоқпын. 1997 жылы ғой деймін, ақын Бауыржан Бабажанұлы бір топ өлеңдерімді сұрап алып «Жалын» журналына жариялады. Одан кейін бірнеше жинаққа ғана шықты. Ақын Талғат Ешенұлы «Жас қазақ» газетін басқарып тұрғанда бір топтамам басылды. Кейін «Мәссаған» ұлттық порталында жиырма шақты өлеңім жарық көрді. Сондықтан жазба өлеңдерім көпшілікке танымал деп айта алмаймын. Тек 2008 жылы Жүрсін Ерман жариялаған «Бір өлең, бір әлем» мүшәйрасында жүлделі орын алған «Көкдөнен» деген өлеңім болмаса.


– Соңғы уақытта орта буын ақындар арасында шығармашылық кеш өткізудің жаңа үлгісі қалыптасып келеді. Ақындар бұрынғыдай Жазушылар одағын емес, концерттік залдарды бетке алатын болды. Сырт көзге таза поэзиядан гөрі, әнге жазылған мәтіндерін насихаттауға көбірек күш салатындай көрінеді. Сіздіңше қалай?

– Меніңше, олай емес. Өз басым әнге жазылған өлеңдерімді поэзиямнан бөліп қарамаймын. Мүмкіндігінше көркемдігіне мән беремін. Әнге сөзді Мұқағали, Төлеген, Сағи, Қадыр, Тұманбай, Фариза, Мұхтар сияқты мықты ақындарымыз да жазды ғой. Олар әннің көпшіліктің талғамын тәрбиелейтін бірден-бір құрал екенін түсінді. Егер осы іске олар араласпағанда бүгінгі әніміздің сиқы қандай боларын көз алдыңызға елестетіңізші! Сондықтан кәсіби ақындар әнге сөз жазудан қашпауы керек. Сонда ғана қазіргі әндердің мағынасы түзеледі. Халық жақсысын өзі екшеп алады. Алматыдағы Жазушылар одағының залында поэзия кештері өтіп жатыр. Бұдан былай да өте береді. Бірақ өкінішке қарай, Астанада Жазушылар одағының ғимараты жоқ. Мұнда миллионға жуық халық бар. Олардың рухани қажеттілігін өтеуіміз керек қой. Сондықтан кейде үлкен залдарды таңдауға тура келеді. Біз поэзияның аудиториясы кеңейгеннен шошынбауымыз қажет. Ол жерде ақынның сөзіне жазылған әндер орындалса несі айып? Жиған-тергеніңді салып, алғаш беретін шығармашылық кеш болғандықтан, оның барша қазаққа жеткені жақсы емес пе? Оның үстіне теледидарға түсірілетіндіктен, халықты жалықтырмайтындай қылып жасау керек.


– Дегенмен ел ішінде «Әншілерге қарағанда, ақындардың кеші күшті өтеді екен ғой» деген пікір айтылып жүр. Бұған не дейсіз?

– Олай деп айтуға болмас. Барлығы кештің ұйымдастырылуына байланысты. Әншілердің де керемет кештерінің куәсі болғанбыз.


– Сіздің кешіңіздің күшті өту үшін көмек қолын созып, демеп жатқан кімдер?

– Кештің өтуіне Астана қаласының әкімдігі, оның ішінде Мәдениет басқармасы мұрындық болып отыр. Кеште «МузАРТ», «Бәйтерек», «Жігіттер», «Аламан», «Ерке», «Думан-Тілеу» топтары, Тұрсынғазы Рахимов, Еркін Шүкіманов, Досымжан Таңатаров, Заттыбек Көпбосынұлы, Тұрсынбек Қабатов, Клара Төленбаева, Ардақ Балажанова, Жаңабай Өтегенов, Дәурен Сейітжанов, Саят Нұрғазин, Әсел Мәдекешова, тағы басқа әнші-өнерпаздармен қатар Балғынбек Имашев, Айнұр Тұрсынбаева, Иранғайып Күзембаев, Еркебұлан Қайназаров, Жандарбек Бұлғақов, Мейірбек Сұлтанхан сияқты айтыс жүйріктері өнер көрсетеді.


– Әңгімеңізге рахмет.