2014-03-21

Поэзия ұлтқа бөлінбейді…

Поэзия ұлтқа бөлінбейді…
– Серікзат аға, мерекеңізбен! Ертең ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесінде шығармашылық кешіңізді өткізуді жоспарлап отыр екенсіз. Оң болсын! Жалпы кеш туралы айтып өтсеңіз? Бұл сіздің алғашқы кешіңіз ғой?

– Рахмет, Салтанат! 22 наурызда Астана қаласындағы «Қазақстан» орталық концерт залында Астана қаласы әкімдігі Мәдениет басқармасының қолдауымен «Перзент тілегі» деген атпен шығармашылық кешімді өткізгелі отырмын. Алғашқы шығармашылық кешім. Кеш барысында негізінен менің жазба өлеңдерім оқылады. Сонымен қатар айтыс өнерінің өкілі ретінде Балғынбек Имашев, Айнұр Тұрсынбаева, Жандарбек Бұлғақов сынды айтыс ақындарымен қатар, менің айтыстағы шәкірттерім арасында шағын айтыс жасау ойымда бар. Эстрада әншілері, Тұрсынғазы Рахимов, Еркін Шүкіманов, Елмұра Жаңабергенова, Саят Нұрғазин сияқты белгілі дәстүрлі әншілер менің өлеңдеріме жазылған әндерді орындайды. Ал, қалған қызықты ертең кеш барысында көретін боласың.


– Сіздің осы кеште көрермендерге ұсынатын сүйінші жаңалығыңыз бар сияқты. Құпия болмаса бізбен бөліссеңіз…

– Осы кеш аясында менің алғашқы жыр жинағымның тұсауы кесілмекші. «Қарашығымда көшкен бұлт» атты жыр жинағыма барлық өлеңдерім енгізілді. Және бұған қоса «Мөлдіреген жанарың» атты менің өлеңдеріме жазылған әндерді топтастырып ән жинағымды да шығардым. Ертеңгі кешімде осы ән жинақтағы әндерді эстрада жұлдыздарының орындауында тыңдай аласыздар.


– Сіз ғылым жолын қуған тәлімгерсіз. Мен сізді өзімнің ұстазым ретінде мақтан тұтам. Жалпы, ғылым мен ақындық өнерді қатар алып жүру қаншалықты қиын?

– Менің жас ғалым ретіндегі мақтанышым Тұрсынбек Кәкішев, Рымғали Нұрғали, Сейіт Қасқабасов сияқты атақты ғалымдарға шәкірт болғаным, солардың батасын алғаным. Ғылымға жиырма бес жасымнан бастап шындап ден қоя бастадым. Сәл кештеу араластым ба деген өкініште болады кейде. Ақындық өнер де – ғылым. Мендегі ақындық пен ғылыми ізденістерім бір-бірімен тығыз байланыста. Екеуі де сөз құдіретінің арқасында келген қымбат қазына.


– Бүгін дүниежүзілік поэзия күні! Бұл атаулы күнге пікіріңіз қандай? Поэзияға сіздің берер анықтамаңыз…

– Поэзия ұлтқа бөлінбейді. «Адамзаттың бәрін сүй» деп кезінде Абай атамыз айтып кеткендей, бұл халықтық мереке. Бұл атаулы күннің Наурыз мерекесімен қатар келуі де ғажап нәрсе. Поэзия – өлең үлгісіндегі әдеби туынды. Әрбір ұлттың өлеңіне қарап, ақынына қарап сол елдің дүниетанымын тани аламыз. Қазақ поэзиясыннан да қазақ ұлтының тұтас бейнесін көре аламыз. Құдіретті сөз өнері жасай берсін!


– Әңгімеңізге рахмет! Шығармашылығыңызға табыс тілеймін.