2014-03-20

Еңбектенген адам бәріне үлгереді

Еңбектенген адам бәріне үлгереді
– Кешіңіз «Наурыз» мейрамымен тұспа-тұс келіп отыр екен. Бұл сәйкестік пе, әлде өзіңіз ұйымдастырдыңыз ба?

– Жалпы, кешті мейрам уақытымен орайластыра ұйымдастыру Астана қаласы әкімдігі Мәдениет басқармасының басшысы Болат Мажағұлов мырзаның бастамасы еді. Себебі, ұлттық мереке болғандықтан, бес күн қатарынан Астанада үлкен іс-шаралар өтеді. Соның қатарында менің де кешім бар. Мен өзім де ұлттық өнердің өкілімін ғой.


– Бұрын жазба ақындардың кештері көп өтетін еді. Қазір айтыскерлер де кеш өткізетін болды. Бұл үрдісті айтыскерлердің өзін-өзі «жарнамалауы» деп түсінуге бола ма?

– «Жарнама» деп айтуға келмейді, енді. Мүмкін, жарнамалық сипаты бар шығар, себебі кез-келген кештің өзі белгілі бір мөлшерде халыққа танылуға әсер етеді ғой. Мен қаласам, өзімді 20-25 жасымда жарнамалаушы едім. Бұл кештің мақсаты – осы уақытқа дейінгі жиған-тергенімді көрсету. Кез-келген жазушы шығармасын кітап етіп шығармаса, насихатталмайды. Сол сияқты ғой. Осындай көптеген кештер, іс-шаралар өтіп жатыр. Бірақ, олар аталмыш шараға қарағанда ауқымды емес. Мен тек айтыс ақыны емеспін, әнге де сөз жазамын. “Музарт” тобы, «Жігіттер» квартеті, «Бәйтерек» тобы, Досымжан Таңатаров, Заттыбек Көпбосынұлы, Роза Әлқожа – бәрі де жалпы халық танитын әншілер. Осындай өнер жұлдыздары сахнаға шығатын болған соң, көрермен көп келейін деп тұр. Сонымен қатар, бүкіл БАҚ-тың да қызығушылығы бар. Сол себепті бұл кеш ауқымды болатын сияқты. Әйтпесе, менікі де сол кәдімгі ақындардың кеші ғой.


– Концерттің өту форматы қандай? Тек қана ән кеші бола ма, әлде халыққа «айтыс» өнерінің элементтері де ұсыныла ма?

– Иә. Бұл кештің ұзақтылығы екі жарым сағатқа созылады деп жоспарланып отыр. Кеш барысында қысқаша айтыс пен поэзия элементтері де кездесетін болады. Дәл бүгін «Қарашығымда көшкен бұлт» деген поэзиялық кітабым жарыққа шығады. Оған қоса, мен сөзін жазған әндердің жинағы таралып жатыр. Барлығы осы кештің арқасында. Ең бастысы – халыққа мерекелік көңіл-күй сыйлау, шығармашылығымды насихаттау. Менің сол кеш барысында жиырма шақты поэзиялық өлеңім оқылады.


– Қазіргі кездегі шығармашылық кештер бір-біріне ұқсас. Осындай шаралар көрерменді жалықтырып жібереді деп ойламайсыз ба?

– Менің кешім басқаларға ұқсайды деп айта алмаймын. Мен өзім жеке шығармашылық адаммын ғой. Қанша адамның кеші өтті. Алайда, әрқайсысының орындау стилі, әндері бөлек. Сол сияқты, менің де өз жазу стилім бар, өз қолтаңбам бар. Салыстырсаңыз, менің шығармам Қалқаман Сариннің өлеңдеріне мүлде ұқсамайды. Сондықтан, халық жалығады деп ойламаймын.


– Үлкен сарайда кеш өткіз-уді әркімнің қалтасы көтере бермейді. Қаржылық мәселені қалай шештіңіз?

– «Мен баймын» деп қойсаң, иә (күлді). Мен кәдімгі ай сайынғы жалақыға қарап отырған қарапайым оқытушымын. Бірақ, маған көмектесіп жатқан адамдар бар. Біріншіден, Астана қаласы әкімдігі мәдениет басқармасының басшысы Болат Мажағұлов мырзаны, екіншіден, Л. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры Ерлан Сыдықов мырза мен өнердегі достарымды, туған-туысқандарымды атап айта аламын. «Көп түкірсе – көл» демекші, барлығы бірігіп, барынша көмектесуге тырысып жатыр.


– Сіз ЕҰУ-да студенттерге дәріс оқисыз, әнге де сөз жазасыз, айтысқа деген икеміңіз де мықты, өлең де шығарасыз, сөйткен күннің өзінде де «facebook» әлеуметтік парақшасынан да таса емессіз. Мұның бәріне уақытты қалай табасыз?

– Негізі, еңбектенген адам бәріне үлгереді деп ойлаймын. Біздікі тамшы ғой. Жиырмасыншы ғасырдың басындағы Алаш қайраткерлерін қараңызшы. Мен оларға қарап ұяламын. Әлихан Бөкейхан – өзі жазушы, өзі ғалым, өзі саясаттанушы, өзі мемлекет басқарушы. Осының бәріне үлгерді ғой. Ахмет Байтұрсынұлы да сол секілді. Олардың қасында біздікі мұхиттың тамшысындай ғой. Қазіргі күні facebook-те отыру деген түк емес. Кез-келген адамның қолында қалта телефоны бар. Барлығы әлеуметтік желіде отыра береді. Ал, дәріс оқу – менің жұмысым. Айтысқа шығу – бала кезімнен бастап айналысқан қызығушылығым. Оған да күнде шықпаймын, екі-үш айда бір шығып қоямын. Поэзия… поэзияны түнде де жазып тастай аламын. Мен уақыт талғамаймын. Ал кеш өткізу өмірде бір болатын нәрсе. Амандық болса, әлі талай өткізерміз.


– Сұхбатыңызға рахмет!