2014-03-11

Бәрібір кітап оқуға ораламыз...

Бәрібір кітап оқуға ораламыз...
– Серікзат, шығармашылық кеш өткізуге ниет қылып отыр екенсіз, оң болсын. Аз-кем аңдатып өтсеңіз…

– Рахмет! Алла бұйырса, Ұлыстың ұлы күні, яғни, 22 наурызда Астана қаласындағы «Қазақстан» орталық концерт залында Астана қаласы әкімдігі Мәдениет басқармасының қолдауымен «Перзент тілегі» деген атпен шығармашылық кешімді өткізгелі отырмын. Кеште негізінен жазба өлеңдерім оқылады. «МузАРТ», «Бәйтерек», «Жігіттер», «Аламан» топтары, Досымжан Таңатаров, Заттыбек Көпбосынұлы, Клара Төленбаева, Роза Әлқожа, Жаңабай Өтегенов, т.б. эстрада әншілері, Тұрсынғазы Рахимов, Еркін Шүкіманов, Елмұра Жаңабергенова, Саят Нұрғазин сияқты белгілі дәстүрлі әншілер менің өлеңдерімен жазылған әндерді орындайды. Сонымен қатар айтыс өнерінің өкілі ретінде Балғынбек Имашев, Айнұр Тұрсынбаева, Жандарбек Бұлғақов, Иранғайып Күзембаев, Еркебұлан Қайназаров, Мейірбек Сұлтанхан сияқты мықтылармен шағын айтыс жасамақ ойым бар.Тұрсынбек Қабатов, Олжас Сыдықбек сияқты әзілкештер жұртты күлкіге қарық қыламыз деп отыр. Қазақ «Арық айтып, семіз шық» дейді. Қалғанын кеш барысында көре жатарсыздыр.


– Сәл шегініс жасасақ, алғашқы өлеңіңіз қалай туды? Ондай сезімді айтып жеткізу қиындау шығар, дегенмен бір тылсым дүниенің есігін ашып алғаныңызды сол сәтте ұғындыңыз ба, әлде жүре келе ақындықты мойындадыңыз ба?

– Алғашқы өлеңімді қай кезде жаза бастағаным есімде жоқ. Ес біле бастаған кезде ұйқасы келсін-келмесін тақпақтатып жүретінмін. Солардан тек сыныптастарыма арналған шымшыма шумақтар ғана есімде қалыпты. Ол кезде ауыл, ел, мектеп, Отан туралы балаң өлеңдер міндетті түрде жазылатын еді ғой. Бір өкініштісі, сол кезде жазылған өлең дәптерімді аудан орталығында тұратын бір қаламгер туысыма көрсетуге әкем апарып беріп, сол беті жоғалып кетті. Аңқау балалық-ай десеңші! Көшіріп те алмағанмын ғой. Енді ол өлеңдерден жұрнақ та жоқ.

Ал ақындық маған қанмен келген. Ұлы әжем атақты Әріп Тәңірбергеновтың туыс қарындасы екен. Өз атам Дүйсенғазының да суырып салып айтатын өнері болыпты. Сондықтан бойыма біткен ақындық өнер мойындамасыма қоймады.


– Айтыс – алдаспан өнер. Сіз айтыскер ақынсыз. Осы тақырыпқа ойыссақ. «Қазіргі айтыс саясаттың, белгілі мүдденің сойылын соғатын ақындардың арзан шоуына айналды…», «…табыс көзіне, мал шашпаққа айналды…» Тағы басқа да сол төңіректі айналған сөздерден құлағыңыз жауыр болған шығар. Алып-қосарыңыз бар ма?

– Ел аузында жүрген пікірде белгілі мөлшерде шындық болады. Кез-келген өнер кеңінен қанат жайған кезде жетістіктері мен кемшіліктері қатар жүруі заңдылық. Негізі қазіргі күннің көзқарасымен қарасақ, айтыс жойылып кетуі тиіс өнер ғой. Орта ғасырда суырып салмалық өнер Еуропада болған. Бірақ өркениет дамыған кезде жұтылып кеткен. Ал біздің бақытымызға орай, айтысымыз заманға тез бейімделді. Тікелей эфирлерден ұлттың мұң-мұқтажын айтатын халықтың жан-жүрегіне айналды. Бұл біле білгенге өте үлкен идеология. Сондықтан оның ішіне саясат араласпай тұрмайды. Мынау әлем аласапыран болып жатқанда ол да керек шығар. Бірақ айтысты «арзан шоуға» айналды дегенмен келіспеймін. Білімі, білігі жетпей жатқан бірді-екілі айтыскерлеріміз бар шығар. Ақындарымыздың басым көпшілігі жоғары білімді, оқыған-тоқығаны бар азаматтар. Олар сахнада не айту керек екенін біледі. Айтысқа мемлекет қолдау жасап жатса онда оның сөкеттігі жоқ деп ойлаймын. Өткенде «Нұр Отан» партиясының қолдауымен өткен айтыстарда да ақындарымыз айтар ойларын бүгіп қалған жоқ. Әзілмен, астарлап болсын біраз дүние айтты. Отырып алып сыртынан сынау оңай, оны дамытуға атсалысуымыз керек. Ол біздің біртұтас ұлт болып дамуымыз үшін қажеттілік. Өйткені айтыс қазақтың қанына біткен өнер. Дәл қазіргі уақытта айтыс сияқты аудитория жинай алатын ұлттық өнеріміз жоқтың қасы.


– Жауаптан өрбитін сұрақ: айтыс сізге не берді? Ал,сіз айтысқа не бердіңіз?

– Сәл қиындау сұрақ екен. Болсада жауап берейін. Айтыс маған белгілі мөлшерде елге танылуыма септігін тигізді. Шығармашылығымды ұштады. Сахнаға шығып көпшілік алдында сөйлеудің не екенін үйретті. Азды-көпті жүлдеге де қол жеткіздім. Біз сияқты айлыққа қараған бюджет қызметкерлеріне қосымша қаражат өте қажет-ақ. Бірақ керемет пайда таптым деп айта алмаймын. Поэзия жинағымның өзін жасым қырыққа жақындағанда демеушілердің көмегімен шығарайын деп отырмын. Егер айтыстан байып кетсем демеуші іздеп қиналмас едім ғой.

Айтысқа менің бергенімнің арасынан ауыз толтырып айта алатыным, біраз шәкірттер тәрбиелеп бердім. Олардың көбі қазір республикалық додаларда топ жарып жүр. Бейнежазбаларда, сайттарда, газеттерде, жинақтарда айтыста айтқан ойларымыз жарияланып жатыр. Ол да қосылған үлес деп айтуға болатын шығар. Сосын айтысқа арналған бірнеше республикалық ғылыми конференция өткізуге ат салыстым. Осыдан екі жыл бұрын айтыскер-ғалым Аманжол Әлтай екеуміз тағы басқа әдебиеттанушы ғалымдармен бірігіп «Айтыстың интеграциялық сипаты» атты ғылыми жоба жеңіп алғанбыз. Жақында А.Байтұрсынұлы, М.Әуезов бастаған айтысты зерттеген ғалымдардың мақалалары топтастырылған «Айтыстану» деген жинақ шығарып жатырмыз. Айта берсек әңгіме көп. Осы жерден қайырайын.


– Ғылым жолын қуған тәлімгерсіз. Қазіргі тілтану, әдебиеттану ғылымының хәлі нешік? Жалпы, жас ғалым ретінде мақтанышыңыз не, өкінішіңіз не?

– Тілтану, әдебиеттану ғылымы жетекші ғалымдарымыздың арқасында қарқынды жұмыс жасап жатыр. Алматыдағы М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты, А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты, жоғары оқу орындарындағы филология факультеттері қиын кезде де бұл саланың ақсауына жол берген жоқ. Бір ғана мен жұмыс істейтін Еуразия ұлттық университетіндегі қазақ әдебиеті кафедрасының өзі қазір аттары көп аталмайтын, әннің сөзін жазған ақындардың шығармашылығын жинақтап үш томдық «Ән өлең» жинағын, қазіргі әдебиеттіг мәселелерді зерделейтін «Бүгінгі әдебиеттану» жинағын, фольклор саласына да бірнеше томдық «Фольклортану» жинақтарын баспаға дайындап, шығаруды жоспарлап отырмыз. Соның бәріне кафедра меңгерушісі, академик Сейіт Қасқабасов басшылық жасап отыр. Ал жас ғалым ретіндегі мақтанышым Тұрсынбек Кәкішев, Рымғали Нұрғали, Сейіт Қасқабасов сияқты атақты ғалымдарға шәкірт болғаным. Солардың батасын алғаным. Ғылымға жиырма бес жасымнан бастап шындап ден қоя бастадым. Сәл кештеу араластым ба деп арасында өкініп те қоямын.


– Ұстазсыз, алдыңызда отырған шәкірттерге қарап қандай ой түйесіз: атадан қалған мол мұраны кейінгі ұрпаққа қорықпай сеніп тапсыруға бола ма? Әлде, техногендік дертке ұшыраған жас буыннан түңіліп жүрген жоқсыз ба?

– Түңілгеннен Құдай сақтасын! Саналы, салиқалы жастар бар әрине. Оларға баба мұрасын сеніп тапсыруға әбден болады. Техногендік дертке шалдыққандардікі уақытша дүние. Заман ағымы ғой. Көп ұзамай барлығы кітап оқуға қайтып оралады деген сенімдемін.


– Қонақкәде болсын, бір өлең оқып берсеңізші…

– Мына бірәлі еш жерде жарияланбаған «Ән» деген өлеңім оқырмандарға қонақкәде болсын.

ӘН

Бір тамшы мөлт етті де жаңбыр тұнық,
Ғаламның жанарында қалды іркіліп.
Көкірегін көк аспанның жарып шықты,
Шырылдап жас сәбидей ән бұлқынып.

Дариға-ай, құдірет бұл шебер неткен,
Жаныңа гүл еккендей нелер көктем.
Көлдегі қос аққуды сұңқылдатып,
Қоңырауын бозторғайдың бебеулеткен.

Көкжиек сазды әуенге көмкеріліп,
Көңілді жатты әдемі өртеп үміт.
Кеудеге сыймай тасты асау сезім,
Теңіздей толқындары төңкеріліп.

Сырлы саз баурағанда мың жүректі,
Жапырағы тал біткеннің дір-дір етті.
Толықсып көк жүзінде ай қалықтап,
Сырғасы таңшолпанның сыңғыр етті.

Тербетіп атар таңның нұрын жарық,
Қарады қыр астынан күн ұрланып.
Балқыған тәтті әуезге ару қыздай,
Кең дүние бара жатты сұлуланып.

Жүректен төгілген соң арманы ішкі,
Әлеммен осылайша ән қауышты,
Талпынып қанат қаққан әсем әуен.
Сұңқардай шартарапқа самғап ұшты.

Ән кетті бұзып-жарып кіл бөгеттен,
Аспанын жер-жаһанның мұң боп өпкен.
Жалғызын күткен жандай сазгер ғана,
Сезімін сағынып жүр бірге кеткен.


– Білгіміз келген сыр көп қой, бірсыдырғы сауалымыз осы енді. Рахмет. Табысты болайық, Серікзат!

– Рахмет!