2010-09-23

Айтыстың интернетке шыға бергені дұрыс

Айтыстың интернетке шыға бергені дұрыс
– Секе, ақындығыңыз, ақындық ортаңыз қалай қалыптасты?

– Менің туып-өскен жерім – ақындардың қазіргі қазығы болып есептелетін бұрынғы Семей облысы, Аягөз ауданы, Тарбағатай ауылы. Жыр алыптары – Абай, Шәкәрім, қара сөздің қаймағын қалқыған атақты Мұхтар Әуезов туған аймақта дүниеге келдім. Сондықтан бала кезімнен солардың сөздері мен өлеңдері құлағыма сіңісті болып өстім. Әкем Мақсұт пен анам Сәжида қарапайым адамдар. Биыл екеуінің шаңырақ көтергеніне 50 жыл толады. Анам 8 құрсақ көтерді. Солардың ішінде менен басқасының өлең, жыр айтуға, айтысқа әуестігі жоқ. Ақындыққа өздігімнен талпындым. Өйткені отбасымызда бағыт-бағдар беретін адам болған жоқ. Негізі, арғы ата-бабаларым ақындық өнерден кенде болмағанға ұқсайды. Аягөз өңірінде бір елден шыққан Сыбанның 17 ақыны деген болған. Олар атақты Ақтайлақ шешен мектебінің шәкірттері. Оларға сол атадан тараған Дулат Бабатайұлы, Әріп Тәңірбергенов секілді мықтыларды қоссаңыз, тұтас бір елді ақындық феномен десе болады. Сол Сыбанның 17 ақынының ұрпағы Күлсім деген үлкен әжеміз болыпты. Ол менің атам Дүйсенғазының әкесі Қасымның бәйбішесі екен. Ақпа ақын атанған әжеміз Дүйсенғазы, Ешенғазы, Нұрғазы, Кенжеғазы деген 4 ұл тәрбиелепті. Төртеудің екеуі ақындық жолды қуыпты. Соның ішінде менің атам Дүйсенғазы біраз айтыстарға қатысса, өмірді өлеңмен өрнектеген ақын інісі Кенжеғазы Ақсуат өңірінде «Ақсуат арайы» деген газетте бас редактор болып қызмет атқарған екен. Тоқетерін айтар болсам, ақындығым – арғы ата-бабаларымнан, ақындық ортам – ауылдағы көнекөз қариялардан бастау алды. Ал шын мәнінде, ақын атануым Алматыдағы студенттік кезден басталды.


– Үлкен сахнадағы алғашқы айтысыңыз бен алғашқы жеңісіңіз есіңізде ме?

– Ең алғаш мектепаралық айтысқа қатысқан кезде буыны бекімеген бала болатынбыз. Аламан айтыстарға Алматыға оқуға түскеннен кейін қатыса бастадық. 1993 жылы Боранбай бидің 150 жылдығына арналған айтыста жүлделі орыннан көріндім. Сол жылы Абайдың 150 жылдығына арналған іріктеу айтыстарында бақ сынадым. Бұлардың арасында өтіп жатқан ірілі-ұсақты айтыстарға да мүмкіндігінше атсалысып тұрдым. Сөйтіп жүріп 1995 жылы Жамбыл Жабаевтың 150 жылдығына арналған облыстық айтыста бас жүлдеге ие болдым. Осы жүлдеден кейін республикалық деңгейдегі айтыстарға тұрақты қатыса бастадым. Жасыратыны жоқ, айтыстан қол үзіп қалған кездерім де болды. Ол кезде шығармашылықпен айналыстым, телеарнада жұмыс істедім. Алматыдан Астанаға ауысқан кезде де айтыстан аздап қол үзіп қалдым. Сол кезде мен 3-4 жылдай айтысқа дұрыс қатысқан жоқпын. 2003 жылы айтысқа қайта кірісіп, Семей жерінде өткен халық ақыны Төлеу Көбдіковтiң 130 жылдығына арналған республикалық айтыста және 2006 жылы Қорғалжын өңірінде өткен республикалық айтыста бас жүлдеге ие болдым. Алматы, Астана, Жезқазған, Қызылорда, Ақтау, Семей, Көкшетау, Қарағанды, Шымкент қалаларында өткен көптеген айтыстарға да қатысып, жүлдегер атандым.


– Айтысқа кімнің жетелеуімен келдіңіз?

– Жаңа айттым ғой, мені ешкім жетелеген жоқ, айтысқа өздігімнен келдім. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне студент болып келген кезімде белгілі айтыскер Серік Қалиев алдымнан шықты. Сол кісінің жанында жүріп біраз шыңдалдым. Ол кісі ағалық ақылын айтып, айтыстың қыр-сыры жайында ақыл-кеңесін беріп жүрді. Секеңнен кейін маған қатты әсер еткен Мұхамеджан Тазабеков болды. Екеуміз бір топта оқыдық. Жатақханада бірге тұрдық. Ол менің айтыскер ретінде өсуіме тікелей ықпал етті десем болады. Бізден кейін университетке Балғынбек пен Дәулеткерей түсті. Бәріміз бірге жүріп, бірге айтыстық. Астанаға келгенде қатарымызға Аманжол Әлтаев, Айбек Қалиев, Жібек Болтанова, Ринат Зайытовтар қосылды. Одан кейін Шырынбек Қойлыбаев келді. Осы лекпен біз Астана ақындарының қауымын жасадық. Осы ортада жүріп өстік, осы ортада өндік.


– Суырып салатын айтыс жазба айтысқа, интернет айтысқа айналып кетті ме, не болды өзі?

– Заман ағымына қарай жазба айтыстың болғаны да заңдылық деп ойлаймын. Жазба айтысты ұйымдастырған ақын – Жүрсін Ерман. Ол «Алаш айнасы» деген газет ашылған кезде соның бетіндегі жазба айтысқа ұйытқы болды. Сонда мен Жүрсін ағаның қолқа салуымен газет бетінде Айтақын Бұлғақовпен айтыстым. Бұдан кейін Айтақын Бұлғақов басқаратын Жетісудағы «Алатау» газеті арқылы Айбек Қалиевпен сөз сайыстырдым. Интернетте отырған кезде өзім танитын, танымайтын жас ақындар қолқа салады. Солармен аздап қағысамын. Бірақ ресми түрде интернет айтысқа шыққан емеспін. Мүмкін, болашақта шығатын шығармын.


– Қандай қажеттіліктен?

– Айтыс телеарналардан таратылмай тұрса да, интернетке шыға бергені дұрыс деп ойлаймын. Айтыстың мәтіндерін газетке жариялау, айтысты дискіге шығару, интернет айтыс ұйымдастыру халыққа қажет дүние. Қазір көп адамның газет оқуға, тіпті теледидар қарауға мұршасы жоқ. Ал интернетті бәрі пайдаланады және интернетті дүниенің кез келген бұрышынан ашып көруге болады.


– Қазіргі айтыс ақындары кешегі Сүйінбай мен Жанақ, Құлмамбет пен Жамбыл салған сара соқпақтан адасып қалған жоқ па?

– Әрине, біздің өткеннен өнеге алмай «болдым, толдым» дегеніміз күпірлік болар. Бүгінгі айтыс бұрынғы айтыстың заңды жалғасы екеніне дау жоқ. Егер ол тамыр үзілгенде қазіргі айтыстың сахнада салтанат құруы да екіталай болар еді. Айтыс – қазақтың қанына сіңген өнер. Басқа ұлттар қазақ тілін қанша білсе де, айтысты жанымен түсіне алмайды. Керек болса, айтыстың түп-тамырын сонау жаугершілік замандағы билер мен шешендердің дауынан іздеу керек. Біздің білетініміз тек ХVІІІ ғасырдағы Шал Құлекеұлының заманынан басталатын айтыстар. Ал сонда ауыз әдебиетіндегі тұрмыстық айтыстар қайдан шықты? Мәселен, орта ғасырда жазылған Ахмет Йассауидың «Диуани Хикметінде» «Тозақ пен пейіштің айтысы», Махмұт Қашқаридың «Диуани лұғат ат-түрік» туындысында «Қыс пен жаздың» айтысы бар. Оның бер жағында Махамбет, Дулат, Шортанбай, Мұрат, Әбубәкір, Нарманбет сынды «зар заманның» тұлғалы ақындары тұр. Олар патша үкіметінің қазақ даласын отарлау саясатына қарсы жағын сауып, жыр төкті. Ол кезде айтыс ақындарының арасында белгілі бір рудың намысын жыртқандар да болған. Бірақ барлығы бірдей солай жасады дей алмаймыз. Мысал үшін Сүйінбай мен қырғыз Қатағанның айтысында Сүйекең қазақтың тоқсан тоғыз руына сипаттама бере отырып, Атырау мен Алтайдың арасындағы алты алаштың біртұтас ел екенін тілге тиек етеді. ХХ ғасырдың басындағы айтыстың жазба әдебиетпен жымдасуына Жамбылдан кейін Иса Байзақовтың әсері өте күшті болды. Оның суырып салып айтқан толғауларында жазбаға бергісіз көркем ойлар толып жүр. Сол қатарға бір өзі бір театр болған Шашубайды, дауылпаз Нартайды, Тұрмағамбетті, Кененді, Қайыпты, Төлеуді, Нұрхандарды қосуға болады. Бұл ақындар еліміздің әр өңірінде айтыс өнерінің өркендеуіне өлшеусіз үлес қосты.

ХХ ғасырдың екінші жартысынан бастап айтыс қайта түледі, тұғырына қонды. 90-жылдарда шарықтағаны соншалық, айтыс күллі қазақтың мұң-мұқтажын билікке көркем тілмен базыналау арқылы үлкен беделдің биігіне көтерілді. Ешқандай дәстүрлі өнер жаһандану заманында айтыс сияқты аудитория жинай алған жоқ. Бұл кешегінің жалғасы емей, немене?! Қайта қазіргі ақындар бұрынғының дәстүрін бұзбай жаңа заманға тез бейімделді дей аламыз.


– Ақындардың арасында билікке қолшоқпар болатындар бар ма?

– Бір замандарда сарай ақындары дегендер болған. Біздің тарихтан білетініміз, Жәңгір ханның сарайындағы Жанұзақ, Байтоқ деген ақындар. Бірақ оларды марқасқа Махамбетпен немесе азуы алты қарыс Барақ сұлтанның екі аяғын бір етікке тыққан Дулат Бабатайұлымен салыстыра алмайсың. Ақынның ақындығы өзі өмір сүрген дәуірдің артықшылығы мен кемшілігін салыстыра отырып, терең талғаммен, әділ айта білуінде. Құдайға шүкір, қазіргі айтыскерлеріміз сахнаға шыққан сайын заманның көлеңкелі тұстарын, халықтың жағдайын барынша батырып айтуға талпынып жүр. Әрине, артық-кемі де жоқ емес. Ол әр ақынның білімі мен ішкі мәдениетіне байланысты. Бірақ қазір жеке бір әкімнің немесе министрдің сойылын соғып жүрген айтыс ақынын білмейді екенмін. Керісінше, өзі әкім болып кеткен ақындар бар. Жалпы, барды бар деп, жоқты жоқ деп жырлай алатынды өз басым нағыз ақын деп түсінемін.


– «Айтыс поэзияның көркемдігін төмендетті» деген пікірмен келісесіз бе?

– Жоқ, бұл – өте ұшқары айтылған пікір. Айтыста да көркем өлеңнің көкесі айтылады. Келіспейтіндер болса, келіп тыңдасын. Рас, айтыс – сөз өнерінің үлкен бір саласы. Бірақ ол жанрлық жағынан көбіне театрға жақын келеді. Себебі айтыс ақыны жазба ақындар сияқты кітабы арқылы емес, халықпен қарама-қарсы отырып сыналады. Орта ғасырда Римде «Дель Арте» деген классикалық театр болған. Оның ерекшелігі актерлері белгілі бір сценарийге бағынбай, айтатын сөздерін сахнада суырып салып айтқан екен. Осыған қарап айтысты да кезіндегі «қазақтың дала театры» десек болатын шығар. Айтыскерлерге тек ақын болу аз, әншілік, күйшілік, актерлік қабілетің бір арнаға тоғыспаса, халық сені төрт аяғы тең түскен ақын деп қабылдамайды. Осы төртеуінің біреуі кемшін соқса бітті, тереңнен толғап айтқан өлеңің далаға кетті дей бер.

Екіншіден, айтыста өлеңді поэзиядағы сияқты құбылтып әртүрлі формаға салу мүмкіндігі жоқ. Ол жерде не он бір буынды қара өлең ұйқасы, не жеті-сегіз буынды жыр үлгісінде ғана айта аласың. Үшіншіден, айтыста поэзияның талабына сай өзіңнің жеке ішкі көңіл күйіңе бойлап тереңдей алмайсың. Қарсыласыңмен және алдыңда отырған мыңдаған халықпен санасуың керек. Осындай толып жатқан талаптарына қарап айтысты поэзиямен салыстыруға мүлде қарсымын. «Екеуі бір-біріне кедергі болады» дейтіндей, еш негіз жоқ. Ол әншейін құр далбаса айғай.


– ҚазҰУ-дағы күндеріңізді сағынасыз ба?

– Әрине, ол жерде менің өмірімнің ең қызықты, ең мәнді кезеңдері өтті. ҚазҰУ менің ғылымға, білімге деген алғашқы баспалдағым болды. Сол жерде жүріп талай мықтылардан тәлім алдық. Академиктер Зейнолла Қабдоловтың, Тұрсынбек Кәкішевтің, Зәки Ахметовтiң, Рымғали Нұрғалидың дәрістерін тыңдадық. Мені ғылымға алғаш жетелеп әкелген профессор Тұрсынбек Кәкішев болды. Сол кісінің ақылымен магистратураға түстім, кандидаттық тақырып таңдадым. Кейін Астанаға ауысқаннан кейін өзімнің ұстазым, академик Рымғали Нұрғалидың жетекшілігіне ауыстым. Содан табан аудармастан 10 жыл Рымғали ағаның қасында жүріп, өнегесін көрдім. Рымғали ағаның бас болуымен ЕҰУ-да үлкен ғылыми мектеп қалыптасты. Сол кісінің шәкірті болғанымды мақтан тұтамын. Рымғали аға бақилық болғаннан кейін менің докторлық жұмысыма кеңесші болып алаштанушы-ғалым Дихан Қамзабекұлы бекітілді.


– ЕҰУ-да қандай қызмет атқарасыз?

– ЕҰУ-дың қазақ әдебиеті кафедрасында доцентпін. Қосымша филология факультеті деканының тәрбие ісі жөніндегі орынбасарымын. Сондай-ақ осы оқу орнындағы студенттік филармониядағы ақындар мектебінің жетекшісімін. Доцент ретінде шәкірттерге қазақ әдебиеті тарихынан, айтыс өнерінен, шетел әдебиетінің тарихынан дәріс оқимын. Деканның тәрбие ісі жөніндегі орынбасары ретінде студенттердің бойына ұлттық құндылықтарды сіңіруге, мәдени, әдеби іс-шараларды ұйымдастыруға атсалысамын. Ақындар студиясының жетекшісі ретінде жас айтыскер ақындар мен жазба ақындарға білгенімді үйретемін. Республикалық айтыстарда топ жарып жүрген Жандарбек Бұлғақов пен Мейіржан Әлібеков ақындар студиясының мақтанышы саналады. Ал Ербол Алшынбай, Еркін Исахан, Ботагөз Бексариева, Саян Есжанов, Есбол Нұрахмет, Ғабиден Қуанышбай сынды жас ақындар мүшәйраларда жеңімпаз болып, жазба поэзияда танылып келеді.


– ЕҰУ-ға сізбен қатар келген ақындардың дені басқа қызметке ауысып кетті. Сізге басқа қызметке ауысу туралы ұсыныс болмады ма, әлде өзіңізде ниет болмады ма?

– Ұсыныс болды. Павлодарға, Алматыға, Семейге, Арқалыққа да шақырды. Бармаған себебім, біріншіден, елордадағы ақындық мектепті жоғалтпауымыз керек болды. Екіншіден, Рымғали ағамыз қалаған ғылыми мектептен, соның соны соқпағынан, дәстүрінен алыстап кетпейін дедім. Әлі күнге дейін қазақ әдебиеті кафедрасындағы ғылыми жұмыстарды жалғастырып жатырмыз. Бір кездерде Аманжол, Жібек, үшеумізден басқа ақындар әртүрлі себептермен жан-жаққа тарап кетті. Дегенмен олардың кейбірі қазір Астанаға қайтып оралды.


– Шетел әдебиетін кеңінен қаузап, оқулық жазыпсыз ғой…

– Бұған дейін менің ғылыми монографиям болған. Биыл Батыс Еуропа мен Америка әдебиетінің арғы-бергі тарихын түгендейтін «Шетел әдебиеті» атты оқулық шығардым. Студенттерге арнап мемлекеттік тілде кітап жазып шығуды өзіме парыз санадым. Өйткені осы салада қазақша оқу құралдары тапшы.


– Университет басшылығымен бірге Арменияға барып келгендігіңізден хабардармыз. Ол жақта не бітіріп қайттыңыздар?

– Арменияға университет ректоры Бақытжан Әбдірайымның бас болуымен делегация болып бардық. Мақсатымыз – Армениядағы Ереван университетінде «Қазақ мәдениеті, тарихы және тілі» деген орталық ашу болды. Филолог ретінде қазақ тілін үйретіп, ақын ретінде домбырамен қазақтың дәстүрлі өнерін көрсеттім.


– Дін жолына қалай келдіңіз?

– Бұрын жұма намаздарына барып жүретінмін. 2004-2005 жылдар аралығында республикалық «Ақорда» қозғалысы мәдениет қайраткерлері мен ақын-жазушыларды «Умра» қажылығына апара бастады. Алғашқы лекке іліге алмадым. Кейін 2005 жылы Президент сайлауы кезінде «Ел басқарар ерің кім?» деген айтыс өтті. Сол айтыста мен Алла тағаланың ілімі туралы көбірек айтсам керек. Айтыстан шыққаннан кейін қазіргі Мәжіліс депутаты Бекболат ағамыз келіп: «Сен намаз оқисың ба?» деп сұрады. «Оқымаймын» дедім. Ол маған: «Сен дайын екенсің ғой» деді де, қасындағы жігіттерге «Умраға баратын айтыс ақындарының құрамына қосыңдар» деп тапсырма берді. Ең алғаш бес уақыт намаз оқуды қасиетті Меккеден бастадық. Аллаға шүкір, содан бері бес уақыт намаздамыз.


– Кейде дана, кейде бала болғаныңызды жан-жарыңыз қалай көтереді?

– Менің мінезім өте құбылмалы. Өте сезімталмын, тез ашуланып, тез қайтамын. Келіншегім Айнұр поэзияға жақын адам. Аздап өлең жазатыны да бар. Менімен қатар университетте жұмыс істейді. Пікіріміз, ойымыз ортақ болғандықтан бір отбасын құрып отырмыз деп ойлаймын. Айтыстардың алдында үнемі жан-жарыммен ақылдасамын. Ол маған мүмкіндігінше ақыл-кеңес беріп отырады.


– Әйеліңіз бен балаларыңызды асырап-сақтауға жағдайыңыз жетіп жатыр ма?

– Құдайға шүкір, тапқан табысым бала-шағама жетіп жатыр. Басымызда бір-ақ мәселе бар. Ол – баспана. Қазір қуықтай ғана жатақханада тұрып жатырмыз. Бұйыртса, мәселеміз шешіледі деп ойлаймыз. Аружан атты қыз, Әлихан атты ұл өсіріп отырмыз.


– Жазба поэзияға да бет бұрғанға ұқсайсыз, қанжығаңыз майланып жүр ме?

– Иә, өлең жазамын.. Бірақ мүшәйраларға көп қатыспаймын. Бұл жерде мен, өлеңдерім керемет, бәрі жүлдеге лайық деп тұрған жоқпын. Айтыста жүрген соң соның пұшпағын илейін деп шешім қабылдағанмын. Бірақ өлеңдерімді баспасөзге жариялауға қарсы емеспін. Өлеңдерім «Қазақ әдебиеті», «Жас қазақ» газеттерінде жарияланып тұрады. Сол өлеңдердің бірін Алматыда жүргенде Иранғайып Күзембаев деген шәкіртім «Бір өлең – бір әлем» деген мүшәйраға қосып жіберіпті. Сөйтіп, бір мәрте мүшәйрада жүлделі болғаным бар. Одан басқа мүшәйраларға қатысып көрген емеспін.


– «Қазақтың Бозторғайы» атанған Мейрамбек Беспаевқа жазған өлеңдеріңіздің жұлдызы жанып тұр. Әнге сөз жазып ақша тауып жүрсіз бе?

– Ондайдан құдай сақтасын. Мейрамбекке сөз жазып бергенім рас. Ол әндер қазір сахналардан, эфирлерден елге тарап үлгерді. «МузАрттағы» Мейрамбек пен Сәкен сыйласатын, сырласатын достарым, Кенжебек жақсы көретін інім. Бірде Мейрамбек: «Біз қаншама дос болғанмен, бірігіп бір дүние жасамаппыз. Маған сөз жаз» деп қолқа салды. Содан үш әнге сөз жазылды. Басқа да көптеген әншілерге сөз жазып тұрамын. «Нұр Астана» мешітінің ұсынысымен Мәуліт мерекесінде айтылатын әнге де сөз жаздым. Жалпы, әнге сөз жазуға аса құмар адам емеспін.


– Сұхбатыңызға рақмет.