2014-04-29

Алты алаштың ардақты ағасы

Алты алаштың ардақты ағасы
Жиырмасыншы ғасыр басындағы алаш зиялыларына тән қасиет – көп қырлылық болса, Ақселеу Сейдімбек аға солардың жалғасы іспетті біртуар дарын иесі-тұғын. Ол – қайраткер, жазушы, ғалым, сазгер, күйші, шешен, ең бастысы ұлттық мұраларымыздың тарихын жетік білетін шежіре, ұлттық музыкамыздың мұртының бұзылмауына үлес қосқан құймақұлақ азаматтығы бөлек еді. Ағаның киім кию әдебі, сөз сөйлеу мәнері, жүріс-тұрысы ешкімге ұқсамайтын ерекше мәдениетті жан еді.

Бала кезімізден бастап Ахаңның жазған прозалық шығармаларын оқып, әндерін бойымызға сіңіріп өстік. Сондағы байқағанымыз, оның көркем шығармаларында көне шешендіктің үлгісі, әндерінде сал-серілердің сарыны сарқылмаған, ескінің көзіндей тұлғалық қасиетінің молдығы еді.

Өз басым Ақселеу ағаның мұрасын зерттеуші емеспін. Мүмкін біздің жасымызға Ахаңдай биік парасат иесі жайлы естелік жазу келіспейтін дүние де шығар. Дей тұрғанмен ол кісінің қасында жүргенде көкейге түйген жазуға тұрарлық бір-екі мәселелені қағазға түсірген дұрыс деген шешімге келдім. Естіген құлақта, көрген көзде жазық жоқ.

Маған Ақселеу ағамен алғаш кездесудің сәті 1999 жылдың жазында түсті. Тәуелсіз телеарнаның (НТК) «Жаңалықтар» бөлімінде тәжірибеден өтіп жүрген кезімде Мағжан Жұмабаевтың мұрасына қатысты хабар жасамақшы болып бірқатар қаламгерлер ағаларға хабарластым. Ішінде Ақселеу аға да бар еді. Ахаң хабарға сұхбат беруге бірден келісімін берді. Содан камерамызды арқалап, артынып-тартынып Ы.Алтынсарин атындағы Қазақ білім академиясы Президентінің қабылдау бөлмесіне бардық. Ағамыз бізді үлкен ілтипатпен қарсы алды. Сұхбат үстінде Мағжан мұрасынан бөлек ұлттық жәдігерлерімізді зерттеудің төңірегінде ақтарылып әңгіме айтты. Шешендерше шешілді, көсемдерше көсілді. Сөз соңында Ақселеу аға менен қай университетті бітіргенімді сұрады. Мен Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың филология факультетінің магистратурасын тәмамдағанымды жеткіздім. Ахаң көп ойланбастан маған өзі басқаратын Білім академиясының аспирантурасына түсуге ұсыныс жасады. Ол кезде аспирантураға түсуге мұндай мүмкіндік туа қоймайтын. Ағаның ұсынысын қайтарғам келмесе де бірден тәуекелге бара қоймадым. Университетте қазақ әдебиетінің тарихынан кандидаттық тақырыбым мен жетекшімнің бекітілгенін айттым. Ағамыз сол тақырыпты сәл педагогика саласына қарай бейімдеп қайта бекіту керектігін, бірақ жетекші өзі болатынын айтты. Сонымен ҚазМУ-дағы ұстаздарыммен ақылдасып, кейін міндетті түрде хабарласамын деп аттандым. Бірақ жастықтың желігімен жүріп ағаға берілген уәде ұмытылды. Қысқасын айтқанда, сол күйі хабарласқан жоқпын.

Зымыраған уақыттың көшімен 2001 жылдың соңында Астанадағы Еуразия ұлттық университетіне түбегейлі ат басын бұрдым. Асыл ағамен қоян-қолтық араласудың сәті сонда ғана түсті. Көптеген жиындар мен басқосуларда ұстаз-ғалымның ұлағатты сөздерін, көпбілетіндігін, ерекше болмысын көзімізбен көрдік, құлағымызбен естідік. Қай жиында болмасын Ахаң сабырлы қалпымен кестелі сөздерді салмақтап тастап, көсіле сөйлеп тұрушы еді. Мырзатай, Рымғали, Қойшығара ағалар сияқты қатарлас тұлғалармен бірге өткізген келелі кеңестерінің куәсі болғанымызды ешқашан ұмытпақ емеспіз.

2007 жылы күзде Қазақстан тарихы кафедрасының меңгерушісі, профессор Тілеген Садықов ағаның ұйымдастыруымен Ақселеу аға мен Қойшығара аға, әдебиеттанушы Мәуен Хамзин, әлеуметтанушы Сәуле деген қыз және мен бар Қарағанды облысының Абай қаласына іссапармен бардық. Ақселеу аға қасына Қойшығара ағаны ертіп өзінің жеке көлігімен, біз Абай қаласы әкімінің жіберген микроавтобусымен жолға шықтық. Астанадан 30 шақырым шыққанда бізді Ақселеу аға тоқтатып жолашар жасады. Дала дастарханында әрқайсымызға сыбаға дайындап алып шыққан ағамыз бабымен піскен ысталған қазы-қартаны асатып, торсыққа құйылған қымыздан барлығымызға дәм татырды. Сонда байқағаным, ағаның дастархан басындағы әңгімешілдігі, дәстүрге жетіктігі, тап-тұйнақтай тазалығы еді. Тіпті үлкендік жолымен дастархан жаюының өзі бізге көрсеткен үлкен өнегесі екен. Әдемі сүйектен жасалған пышағымен етті турай отырып айтқан әңгімесі ескі заманғы билерді көз алдыңа әкеледі. Академик Рымғали Нұрғали ағаның Ахаңа заманыңнан бір ғасыр кеш туғансың деп қалжыңмен қағытатыны содан болса керек.

Абай қаласында екі күн мектептерде кездесу өткіздік. Абайға Ақселеу ағаның келгенін естіген сол кездегі облыс әкімі Н.Нығматулиин үлкен сәлемдемемен өзінің А.Ержанов деген орынбасарын жіберіпті. Әкім орынбасары біз кетер-кеткенше жанымыздан бір елі қалған жоқ.

Ал Ақселеу аға болса талантты балаларды іздестіріп, олармен жеке әңгіме өткізіп жүрді. Қасында жүрген сол екі күннің ішінде ағаның көп қырларына қаныға түстім. Кешкі ас кезінде аудан өнерпаздары бізге концерт берді. Соның ішіндегі домбырамен ескі әндерді орындаған тенор дауысты бір жігітті Астанаға шақырып, Ұлттық Музыка академиясына түсуге көмектесетінін айтты. Арасында өзі де төгілте күй тартты. Бойы мен сойы келіскен ағамыздың тарих пен тағылымға сұңғылалығы, үлкен-кішімен тең дәрежеде сөйлесетін кішіпейілдігі мені қайран қалдырды. Сол күндері қай тақырыпқа келгенде білгірлік танытып, қазақы әңгіме айтудан алдына жан салмады. Дастархан басында ән айтуға келгенде Ахаңның сынына ілігіп қаламын ба деп қатты толқып отырдым. Абырой болғанда айтқан ақындық арнауым мен әндеріме ағамыз тек жақсы пікірін ғана білдірді. Абай қаласындағы қалың ел Астанадан келген игі-жақсылармен қимай қоштасты.

Бұл Ақселеу ағаның қасында жүргенде есімде қалған бір-екі сәттік эпизод қана. Ағамыздың мен кандидаттық диссертация қорғағанда көрсеткен моральдік қолдауы, айтқан ақылдары әлі күнге дейін құлағымда.

2009 жылы қыркүйек айының 9-ы күні таңертең деканаттағы жұмыс арасында қазақ әдебиеті кафедрасына бір шаруамен кіргенім сол еді артымнан Ақселеу аға кіріп келді. Университет ректораты белгілеген жалпылама елдік дәрісін оқуға келген екен. Дәрістің басталуына әлі бір сағаттай уақыт бар. Асыл аға мені бір терең әңгімеге тарта бастады. Ал мен болсам деканаттың бір шаруасына асығып, қипақтап тұрмын. Кетейін десем ағаның көңілін қимаймын. Сөйтіп белгіленген жиналыстан біршама уақыт кешігіп қалдым. Бұл ардақты Ахаңның жарқын бейнесін соңғы рет көруім екен. Сол уақытта ағаның менімен ақырғы рет қоштасып тұрғанын қайдан білейін.

Арада бірер күн өткен соң, бір күні таң атпай Рымғали аға телефон шалып Ахаңдай асыл азаматтың қайтыс болғанын жеткізді. Асыл ардағынан айырылған бүкіл қазақ даласы қара жамылды. Алты алаш жұрты аза тұтып соңғы сапарына шығарып салды.

Жақсы ағаның «айналайындап» келіп құшағына қысатын биік тұлғалы жарқын бейнесі біздің көңілімізден еш уақытта өше қоймасы анық.