2014-04-29

Баку сапары

Баку сапары
Жыл сайын мамыр айының бас кезінде қатар келетін бірнеше дәстүрлі мерекелерді өткізе салып, ректордың тапсырмасы бойынша Азербайжан сапарына жиналдық. Университеттің халықаралық байланыс департаменті делегация құрамын жасақтады. Ректорымыз Бақытжан Әбдірайым мырзаның өзі басқаратын топтың құрамында ректордың кеңесшісі Ораз Байғонысов, ақпараттық технологиялар факультетінің деканы Әбдіраш Ақылбеков, халықаралық байланыс бөлімінің қызметкері Ризабек Жұмажанов және салтанатты тұсаукесерлерді өткізетін имидж тобынан студенттер Айдана Сарманова мен Анаргүл Кабиевалар кірді. Мамырдын он бірі күні барлығымыз артынып-тартынып жолға шықтық. Мақсатымыз Баку Мемлекеттік университетінде «Абай атындағы қазақ тілі, мәдениеті және тарихы орталығының» ашылу салтанатына қатысу. Біз отырған алып лайнер алдымен Алматыға қонып, сол арадан басқа ұшаққа ауыстық та, Каспийдің арғы бетіне жол тарттық. Әуежайдан бізді Қазақстан елшілігі қызметкерлері мен Баку мемлекеттік университеті тарих факультетінің деканы, профессор Сани Гаджиев қарсы алды. Біз барған уақыт Азербайжан елінің дәстүрлі мейрамы «Гүлдер мерекесіне» тура келіпті. Көше толған раушан гүлден өрілген әдемі суреттер мен ұлттық оюлар. Бір шетте Азербайжан елінің ұлт көшбасшысы Гейдар Әлиевтің гүлмен өрілген үлкен суреті көзге шалынады. Сани мырзаның айтуынша осы мерекенің құрметіне Голландиядан отыз миллион дана раушан гүлдері әкелініпті. Жолбасшымыз бізді қаланың орталығындағы «Кавказ Поинт» деп аталатын өте жайлы, бес жұлдызды қонақ үйге әкеліп орналастырды. Қонақ үйге орналасып болған соң қол жүктерімізді қалдырып, бірден Баку университетіне бардық. Елдің бас оқу ордасының ғимараттарының көпшілігі Кеңес Үкіметінің кезінде салынғанымен, кейіннен жаңа заманға лайықталып жаңартылған екен. Барлығы рет-ретімен орналасқан. Тек жердің тарлығынан бір-біріне өте жақын, іркес-тіркес салынған. Айналасын қоршаған бірнеше ғимараттың ортасында жасанды көгал төселген футбол алаңы бірден көзге түседі. Гүл мерекесіне орай студенттер Гейдар Әлиевтің кісі бойындай бейнесін тірі гүлден жасап, футбол алаңының қабырғасына іліп қойыпты.

Бізді университеттің халықаралық ынтымақтастық қызметінің деканы Гүлайрам ханым бастаған бір топ факультет декандары қарсы алып, бір сағаттан аса уақыт дөңгелек үстел басында емін-еркін сұхбаттастық. Оларды біздегі магистратура, докторантура саласындағы қалыптасқан жүйе қатты қызықтырады екен. Факультет деканы ретінде Әбдіраш Тасанұлы біздегі жаңа жүйе жайлы көптеген мәліметтерді рет-ретімен баяндап берді. Сұхбат аяқталған соң бізге университеттің ғылыми зертханаларын аралатып көрсетті. Жапониядан, Еуропа елдерінен әкелінген қазіргі заманғы электрондық технологиямен жабдықталған бірнеше зертханаға бас сұққан біздер, бұл оқу ордасында нанотехнология орталығының, химия, физика, биология салаларында күрделі зерттеу жұмыстарын жүргізу жақсы жолға қойылғанын байқадық. Зертханадағы ғалымдар бізге университет ректоры академик Абел Магеррамов мырзаның өзі химик болған соң осы салаға баса аударатынын мақтанышпен жеткізді.

Зертханаларды аралап болған соң біздер ауладағы футбол алаңына барып, Гейдар Әлиевтің кубогына арналған турнирдің ашылу салтанатына қатыстық. Бұл елдің жылдағы дәстүрі бойынша осы университеттің базасында Ұлт көсемінің құрметіне алдымен студенттердің арасында, кейіннен Үкіметтік құрылымдар арасында футбол турнирі өтеді екен. Біз сол Үкіметтік турнирдің ашылуына тап келіппіз. Алдымен қала нәзірі (әкімі), университет ректоры, бірнеше беделді депутаттар сөйлеп ашқан салтанатты жиын студенттердің биі мен азербайжан эстрада жұлдыздарының концертіне ұласты. Салтанатты шерудің соңы Парламент Мәжілісі мен Конституциялық Кеңес құрамалары арасындағы футбол сайысымен жалғасты. Сонымен қас қарайғанша бауырлас елдің азаматтарымен емен-жарқын араласып, қонақ үйге қайттық.

Ертеңіне таңертеңгі сағат оннан бастап біздер әркім өз саласы бойынша факультеттерге бөлініп, кездесулер жасап, дәрістер оқыдық. Шаруашылық саласының маманы Ораз Дамылдаұлы университеттің асханаларын, ғимараттарын аралап көруге кетсе, физик Әбдіраш Тасанұлы механико-математика, қолданбалы математика, физика, химия, биология факультеттерінің ғалымдары мен студентеріне дәріс оқуға кетті. Мен қасыма халықаралық байланыс департаментінің қызметкері Ризабек Жұмажановты ертіп филология, шығыстану факультетінің ғалымдары мен студенттеріне дәріс оқуға бөліндім. Бізді алдымен филология факультетінің деканы, профессор Эльбрус Азизов қабылдады. Азғана таныстықтан соң оқытушылар мен студенттер жиналған дәрісханаға барып кездесуімізді бастап кеттік. Залға жасы сексенді алқымдаған академик қариядан бастап көптеген тілші-әдебиетші профессорлар да келген екен. Менің алғашқы әңгімем қазақ-азербайжан әдеби байланысына арналды. Байқағаным бұл екі факультеттің студенттері қазақ әдебиетінен бір адамдай хабардар. Бұхар жырауды, Махамбетті, Абайды, Жамбылды, Мұхтар Әуезовті, Олжас Сүлейменовті, Әнуар Әлімжановты оқығандарын айтып жамырасып жатты. Олар әсіресе түркология саласына қатты көңіл бөледі екен. Біздің университет түркітанушы Лев Гумилевтың атында, Еуразия университеті деп аталады дегенімізде таңғалғаннан бәрі бастарын шайқасып жатты. Әңгіме азербайжандар өздерінің тарихының бастауы санайтын Қорқыт атаға келгенде пікірталас қатты қыза түсті. Мен өзіммен ала барған көрнекілік құралдарымды жайып салып, Сыр бойындағы Қорқыт кесенесін көрсеткенімде олар өз жерлерінде де осындай кесене бар екенін айтып даурығысты. Біз де уәжден жығылмай, Қорқыт өмір сүрген замандағы оғыздардың Сыр бойынан кеткенін дәлелдейтін деректерімізді көлденең тарттық. Осындай қызу тартысқа толы дәрісімізді бір жарым сағат өткенде декан Эльбрус Азизов мырза «арқан керіп» әрең тоқтатты. Дәріс соңында азербайжан ғалымдары өздерінің лебіздерін айтып, қазақ әдебиеті туралы, Абай туралы жазылған монографияларын бізге сыйға тартты. Біз де өзімізбен ала барған Қорқыт ата жайындағы көркемсуретті журналымызды оларға естелікке ұсындық. Араларындағы аумалы-төкпелі замандарда қазақ жерін паналаған азербайжан ғалымдары біздің қонақжай халқымызға, Елбасымызға алғыстарын жаудырып жатты.

Түске жақын делегация мүшелері қайтадан жиналып, университеттің спорт залдарын аралап көрдік. Күрес залы, стол теннисі залы, бассейні бар спорттық кешенде біргене секциялар жұмыс жасайды екен. Жолбасшымыз бізге бірнеше әлем чемпиондары мен Олимпиада жүлдегерінің осы залдарда жаттыққанын масаттанып тұрып әңгімелеп берді. Бірақ бассейндері біздің университеттегі бассейнмен салыстырғанда жартысындай-ақ болады екен. Дегенмен ректорат тарапынан спорт саласын дамытуға ерекше назар аударылатыны көрініп тұрды.

Бакуліктер біздерді түстен кейін қаладан жетпіс шақырым жердегі «Гобстан» деп аталатын тарихи ашық аспан астындағы дала мұражайына алып барды. «Гобстан» осыдан үш миллион жыл бұрын жер сілкінісінен күйреп қалған таудың тастарына алғашқы қауымдық құрылыс кезінде салынған таңбалардың Отаны екен. Аяқ-қолы жоқ әйелдердің бейнесі, бұқалардың бейнесі, аң аулаған аттылы кісінің бейнесі сияқты толып жатқан петроглифтерді тамашаладық. Қайтарда жолшыбай Ежелгі Рим әскерлерінің тасқа басқан жазуларын да көрдік. Менің білетінім, қазақ даласында мұндай таңбалы тастар өте көп. Бірақ біздегідей емес, азербайжандар соны қатты құрметтеп, мұражайға айналдыра білген.

Келесі күні таңертеңгі сағат он бірде «Абай атындағы қазақ тілі, мәдениеті және тарихы орталығының» ашылу салтанаты басталды. Салтанатты шараға біздің елден арнайы келген Президент әкімшілігінің бөлім бастығы Дархан Мыңбай мырза, Қазақстанның Азербайжандағы төтенше және өкілетті елшісі Серік Пірімбетов және осы игілікті істің ұйытқысы, ректорымыз Бақытжан Әбдірайым мырза қатысты. Азербайжан жағынан да ректор Абел Магеррамов және бір вице-министр, сонымен қатар бірнеше үкіметтік жауапты қызметкерлер қатысты. Біздің елшілік Ресей, Қытай, Куба, Белоруссия, Өзбекстан сияқты оншақты ниеттес елдердің елшілерін шақырыпты. Екі университеттің ректорлары салтанатты шараның лентасын қиғаннан кейін қазақтың дәстүрімен шашу шашылып, біз арнау жырын айттық. Арнаудың арасында бір жарым күннің ішінде үйренген бірнеше азербайжан сөзін қосып, бауырлас елдің өкілдерін қуантып қойдық. Игі шараның жалғасы Гейдар Алиев залындағы Ғылыми Кеңестің кезектен тыс отырысымен жалғасты. Баку университетінің ректоры Абел Мамедали оглы дәл осы күні сәйкес келіп жатқан біздің ректорымыз Бақытжан Жарылқасынұлының туған күнімен құттықтап кетуді де ұмытпады. Ыстық лебіздер айтылып, достық құшақтар айқасты. Осы кеште біздер шын туыстықтың, бауырластықтың лебін сезгендей болдық. Сол күні кешке бізге Баку университетінің ректоры қонақасы берді. Дастархан басында екі елдің ән жырлары айтылып, күйлері төгілді. Баку университетінің ректоры Әбел Магеррамов біздің ректорға арнап ән салса, Бақытжан Жарылқасынұлы жауап ретінде қазақтың қара домбырасымен төгілте күй шалқытты.

Бакуліктер сенбі күні демалады екен. Соған қарамастан олар ертеңіне бізді қаланың қақ ортасындағы ХІІ ғасырда салынға ескі қамалға алып барды. Бұл тарихи жәдігер сол замандағы Баку қаласының бүгінге бүлінбей жеткен үлгісі екен. Қамалдың қабырғалары сол қалпы сақталған. Тіпті сол замандағы зеңбіректер мен тас лақтырғыш құралдарға дейін қойылыпты. Ескі замандағы монша, сот залы, мешіт, Шаһтың отбасы жерленген кешен сияқты тарихи орындар мұрты бұзылмай бізге жеткен. Әсіресе, «Қыз мұнара» деп аталатын биіктігі он екі қабат үймен тең ғимарат бізді қатты қызықтырды. Ескі аңыз желісі бойынша бұл мұнарадан махаббаттың машақатын тартқан бір қыз құлап өлген көрінеді. Бір қызығы осы мұнарадан өзінің атын шығармақ мақсатпен біздің заманымыздың өзінде жеті қыз секіріп қайтыс болыпты. Бірақ өкінішке қарай олардың дегені бола қоймаған екен.

Ескі қамалдан шыққан соң біздер Каспийдің жағасындағы саябаққа барып бір сағаттай серуендедік. Қасымыздағы Исмаил есімді жолбасшымыздың айтуынша Азербайжан деген сөздің мағынасы «Оттар елі» дегенді білдірсе, Баку сөзі «Жел қала» деген ұғымды білдіреді екен. Оның себебі қалаға үнемі теңіз жақтан салқын самал соғып тұратындықтан болса керек. Азербайжандар түркі тілдес ел болғандықтан зат есім, сын есім, сан есім, етістік сөздерінің жетпіс пайызға жуығы қазақ тіліне дәл келеді. Мәселен нанды нан, суды су, айранды айран, сүтті сүт, т.б. көптеген сөздердің дәл біздің тілдегідей дыбыстатынын естігенде өзіңнің туысқан екеніңді сезіп қуанып тұрасың. Тіпті «гардаш» деген сөзінің өзі біздің «қандас» дегенімізге келмей ме? Кеш түсе қарт Каспиймен қимай-қимай қоштасып қонақ үйімізге қайттық.

Ертеңінде түстен кейін азербайжан ағайынмен қоштасып Алматы бағытындағы ұшаққа отырдық. Бауырлас елде болған төрт күннің ішінде бір-бірімізге қатты бауыр басып қалған екенбіз. Ұшақ табалдырығына аяғым ілінген сәтте ішімнен «Қош, азербайжан бауырлар, көріскенше, гардашлар» деп күбірледім.