2014-04-25

Айбек Қалиев жайлы бір үзік сыр

Айбек Қалиев жайлы бір үзік сыр
ХХ ғасырдың соңы мен ХХІ ғасырдың алғашқы он жылдығында қазақ айтыс өнерінің жұлдызы жанған уақыт болды. «Хабар» арнасының эфирінен тараған атамұра өнеріміз Алтай мен Атыраудың арасындағы сайын даланы рухымен тербетіп тұрды. Осы ретте, тәуелсіздік алған өтпелі кезеңде ұйымдастыру жағы әлсіреп кеткен айтысты қайтадан қолға алып, жоғары деңгейде өткізуге білек сыбана кіріскен Жүрсін Ерманның ерен еңбегін атап өтуіміз қажет.Ол сексенінші жылдардан бері айтыстың көрігін қыздырып келе жатқан азулы ақындармен қатар, жаңа есімдердің де жарқ етіп көрінуіне жағдай жасады. Сол жауқазындай жастардың алдыңғы легінде торғайлық Айбек Қалиевтің тұрғанын көзқарақты қауым жақсы біледі. Айбек телеайтысқа тоқсаныншы жылдардың соңында қатыса бастағанымен бірден сәтті бола қойған жоқ. Тек2001 жылы алғашқы тікелей эфирдегі жекпе-жекте атақты Мұхаметжан Тазабековпен тең дәрежеде айтысқаны ел аузында аңызға айналды. Содан беріТорғай даласының топжарған жүйрігі талай өнер додасында қамшы салдырмай келеді.

Торғай елі таланттарға кенде емес. Айтыс өнеріндегі Нұрханның ізі, Қонысбайдың қолтаңбасы өнерсүйер көпшіліктің көкейінде сайрап жатыр. Солардың бастаған тасқын жыры ешқашан саябырсыған емес. Қонысбайдың соңын ала Айбектің алдаспан өлеңі де Алаштың аспанында жарқ етті. Ол ешкімді қайталаған жоқ. Өзіндік үні, ерекше мәнерін ала келді. Қазір қайсыбір қазақтан елдік мәселені айтатын ақынды сұрасаң «Айбек» деп жауап беретініне күмән жоқ. Оның тікелей эфирлердің төрінен тіліп айтқан ұлттық мәселелері көрерменнің көңіл құмарын қандырды. Қарсыласымен қарпыса отырып, қоғамдағы әлеуметтікжағдайдытігісін жатқызып айта білу ақынға үлкен шеберлікті, білімді қажет етеді. Айбектің ерекшелігі қоғамның қордаланған мәселелерін қанын тамызып тұрып айта алатындығында. Оған оның білімі де, қарымы да жетеді.

Айбек ақындық арының алдында адал сөйлеуге талпынды. Ақиқаттың жолында ешкімнің бет-жүзіне қарамады. Мәселен, Мэлс Қосымбаевпен жекпе-жегінде «Тілімнің де тірлігі ділгір қазір, Берсек те мемлекеттік мәртебені» дей келіп,

Жастарымыз наркоман шұбырынды,
Алкаголь сұлама боп жын қуып жүр.
Тас құдайға табынған шоқындылар,
Исламның діңгегін сындырып жүр.

Мұнай, темір, пайдалы қазбалардың
Қайда кетіп жатқанын кім біліп жүр?
Шетелде небір талай Бейбарыстар
Көкелеп елін аңсап шыңғырып жүр.

Аты бар да заты жоқ қазақ тілі,
Орыс тілдің қолына су құйып жүр,
Сайқал қоғам сорпасын сорға төккен,
Қазақтың қасіретпен кіндігі бар, –
деген шумақтан өмір сүрген қоғамының бет-бейнесін көргендей боламыз.Жаһандану заманында жұтылып бара жатқан ұлттық құндылықтарымыз бен дүниетанымымыз ақынның жанайқайына айналған. Жанға батырып айтты екен деп ақынды жазғырудың қажеті жоқ. Себебі, шындық қашанда ащы.Ал ақын сөзі қоғамның айнасы.

Айбек ақынның атағын жалпақ жұртқа жайған айтыста Елбасыға айтқан даты болатын. Қазақтың жазылмаған дала заңында ханның алдына келіп дат сұраған адамға ойын айтуға ешкім бөгет болмаған. Баба дәстүрі бойынша «Бас кеспек болса да, тіл кеспек жоқ». Айбек сол дәстүрді жаңғыртып тікелей эфирден тілдің, жердің, ауылдың проблемасын жеткізуге ұмтылды. Әрине, айтудың жолын тапқан ақынның бұл қадамын дәстүрді жаңа заманның әдісімен сабақтастыру деп қабылдаймыз. Айбекті айтыс өнерінде жолы болған ақындардың қатарына жатқызуға болады. Сөзі келіссе әні келіспей, әні келіссе сәні келіспей жататын айтыскерлер көп. Олардың сахнадағы ғұмыры да ұзақ болмайды. Өткені айтыс синкретті өнер. Төрт аяғы тең түскен жорғадай тайпалмасаң бақ жұлдызың жана қоюы екіталай. Әдемі қоңыр дауысы, домбырашылығы, сахнадағы ұстамдылығы мен ақындығы үйлесім тапқан тұлпар айтыскердің бұл салада тұяғы тасқа іліккен жоқ.

Айбектің екінші қыры ғалымдығы. Ұстазымыз академик Рымғали Нұрғали Аманжол, Балғынбек, Дәулеткерейлермен қатар бізді де ғылымның бәйгесіне қосты. Айбектің еншісіне тигені ұлтымыздың ұясы Торғайдың ақындық мектебін жүйелеу. Өзінің бала күнінен құлағына сіңіп өскендіктен бе, ол бұл тақырыпты қызығушылықпен індете зерттеді. Өзінің ғалымдығын дәлелдеп кандидаттық диссертация қорғады. Ахмет Байтұрсынұлы мен Міржақып Дулатұлындай ұлт қайраткерлерін тудырған Торғай даласынан небір дүлдүл ақындар шыққан екен. Уақ Жұмабай Шалабайұлы, Күдері Жолдыбайұлы, Есенжол Жанұзақұлы, Сейдахмет Бейсенұлы, Әбіқай Нұртазаұлы, Файзолла Сатыпалдыұлы, Әлмағамбет Оспанұлы сияқты ақындардың өмір тарихын алғаш Айбектің зерттеулерінен оқыдық. Ғылыми жетекшіміз академик Рымғали Нұрғали Айбектің зерттеу мақалаларын оқып Торғай ақындық мектебіне қатты таңданғанын да көзіміз көрді.Аяулы ұстазымыз «Анадай ақындық ортадан Ахмет сияқты данышпандардың шықпауы мүмкін емес» деген еді бірде. Шындығында, жоғарыда аталған ақындардың қай-қайсы болса да өлең сөздің майын ішкен майталман ақындар болатын. Тек тектілердің насихаты ғана кемшін еді. Олардың арасында Абайды оқып ақындықты қойып кеткендері де, Ахмет Байтұрсынұлына домбыра үйреткендері де, Алашорданы құруға атсалысқандары да бар екен. Соның барлығын ғылыми айналымға енгізген Айбектің еңбегі ересен.

Ақыры айтқасын Айбектің тағы бір қырына тоқтала кеткенді жөн көріп отырмыз. Ол оның ұстаздығы. Бес жылдық жоғары оқуды бітіре салып еңбекке араласқан жас ақынның алғашқы қадамы С.Сейфуллин атындағы Аграрлық университетте ұстаздықтан басталған. Бір айтыста жарқырай көрінген Айбекті сол кездегі ректор Мырзатай Жолдасбеков Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде қызметке шақырады. Еуразия университетіне топтасқан үлкен ғылыми орта мен ақындық мектеп оның жан-жақты шыңдалуына ықпал етті. Кезінде өзі білім алған қара шаңырақта табан аудармай он жылға жуық қызмет жасады. Оның алдынан болашақ ғалым да, ұстаз да, ақын да тәрбиеленіп шықты. Бүгінгі айтыстың көрнекті өкілдері Ринат Зайытов, Асхат Ізтілеу, Иранғайып Күзембаев, Еркебұлан Қайназаров, Бақытжан Қасымовтар оның алдынан дәріс тыңдады. Кейін туған елінің шақыруымен Арқалық педагогикалық институтына декан болып ауысқан кезде де қадамы сәтті болды. Торғай өңірінің ақындық мектебін жалғастырды. Айбектің тәлімін алған Тоба Өтепбаев, Азамат Мәлжанбайлар бүгінде ел танитын ақындар. Аман болса, әлі талай ізбасар ақындарды шығарады деп сенеміз.